Президент Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылдық жоспарын әзірлеуді тапсырды

26 Қараша 2022, 11:17 1739

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың салтанатты ұлықтау рәсімінде айтты

 Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты ұлықтау рәсімінде ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоятынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Қазір – сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті, арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуіміз керек, босаңсуға болмайды. Осы орайда, ең алдымен қолға алатын бірнеше мәселеге арнайы тоқталғым келеді.

Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын.

Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», - деді Президент. 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: