Президент Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынды

16 Наурыз 2023, 18:00 1004

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» атты кезектен тыс саммитінде айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Біз қаржылай және тауар түрінде гуманитарлық көмек берумен ғана шектеліп қалмаймыз. Бұдан бөлек, құтқарушыларды жіберіп, апат салдарын жоюға белсене атсалысамыз.

Жалпы, түркі елдері төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет ете білуі керек. Сондай-ақ, Ұйым хатшылығы және мүше мемлекеттер арасындағы байланыстарды нығайта түсу қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Президент Түркиядағы зілзала қауіп-қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсеткенін айтты.

«Бірінші. Біз табиғи апаттың алдын-алу үшін күш жұмылдыруымыз керек. Түркиядағы зілзала қауіп-қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсетті. Сондықтан, ұйым аясында Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынамын. Оны Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың негізінде ашуға болады.

Бұл орталықты 2016 жылы Қазақстан және Қырғызстан үкіметтері құрған. Бірлескен күшке Ұйымның Азаматтық қорғаныс хатшылығы мәртебесін берген жөн деп санаймын. Ол апаттан зардап шеккен елдерге көмек көрсету жұмыстарын үйлестіретін болады. Осы құрылым аясында халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылады», - деді Тоқаев.

EL.KZ
Бөлісу: