21.11.2025
11:25
659
Президент Тоқаев Ақордада Пашинянды қарсы алды

Президент Тоқаев Ақордада Пашинянды қарсы алды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинянды Ақордада салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Ресми рәсім барысында екі ел басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Одан кейін құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, Қазақстан мен Арменияның мемлекеттік әнұрандары орындалды.

Салтанатты қарсы алу аяқталған соң тараптар келіссөздер өтетін залға өтті. Қазіргі уақытта Тоқаев пен Пашинян жоғары деңгейдегі келіссөз жүргізіп жатыр. Күн тәртібінде — екі ел арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мәселелері.

Айта кетейік, Армения премьер-министрі Никол Пашинян Астанаға 20 қараша күні кешке келген. Әуежайда мәртебелі мейманды Қазақстан Үкіметінің басшысы Олжас Бектенов қарсы алған болатын.

Сапар аясында екі мемлекет делегацияларының қатысуымен бірқатар құжаттарға қол қойылып, Қазақстан-Армения байланыстарын жаңа деңгейге көтеру перспективасы қарастырылмақ.