Президент тәртіп сақшысы қандай болу керектігін айтты

30 Маусым 2023, 13:15 863

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде тәртіп сақшылары туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желіде полицияға қатысты түрлі бейнежазбалар бар. Кейбір адамдар қасақана арандатушылық жасайды. Сондай кезде ұстамдылық танытып, дөрекі әрекеттерге жол бермеу өте маңызды. Тәртіп сақшысы сауатты сөйлеп, өзін лайықты ұстауы қажет, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, полиция қызметкері заңдарды анық білуге тиіс, яғни еліміздің заңдарын жұртқа қарапайым тілмен түсіндіруге дайын болуы қажет. Сонда ғана полиция мен халық арасында мызғымас келісім болады.

Әрине, офицерлердің арасында кәсіби білікті, антына адал азаматтар көп. Сондай қызметкерлер өзгелерге, әсіресе, жастарға үлгі-өнеге көрсетуде. Осындай үздік қызметкерлерді қолдау қажет, - деді ол.

Президент ерлік көрсеткен офицер, сержанттар туралы жұрт білуге тиіс екенін атап өтті.

Бұл – біздің тиісті министрліктің және жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының міндеті. Өздеріңізге мәлім, мемлекет ішкі істер органдарының жұмысын әрдайым жоғары бағалайды, - деді Мемлекет басшысы.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: