Президент State Power Investment Corporation компаниясының басшысымен кездесті

29 Наурыз, 10:02 785

Мемлекет басшысы State Power Investment Corporation компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Лю Миншэнді қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президент ҚХР-ға жұмыс сапары аясында State Power Investment Corporation (SPIC) компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Лю Миншэнмен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, соның ішінде жаңартылатын энергия көздеріне негізделген серіктестік перспективасы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа China Power International Holding еншілес компаниясының Қазақстанда белсенді жұмыс істеп жатқаны жөнінде мәлімет берілді. Соңғы бес жылда Жаңатаста жел энергиясы жобасы жүзеге асырылып, Қарағандыда күн электр станциясы салынды.

Қытайдың ең ірі энергетикалық компанияларының бірі саналатын SPIC корпорациясының басшысы Жамбыл және Павлодар облыстарында жалпы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станцияларын салуға қатысты жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндады. Бұл жобаларға бір миллиард доллардан астам инвестиция салынған.

Лю Миншэннің айтуынша, компания Қазақстанда ауқымды гидроэнергетикалық жобалар мен бу-газ турбиналарын салу перспективасын зерттеуге ниетті.

Президент еліміздің жаңартылатын энергия саласына үздік халықаралық технологиялар мен тәжірибелерді енгізуге мүдделі екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Лю Миншэнді биыл маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: