Әділет министрі Қанат Мусин Президент сайлауы өтетін күн қалай белгіленетінін айтты, деп хабарлайды El.kz.
Мәжіліс кулуарында БАҚ өкілдері министрден биыл күзде өтуі тиіс Президент сайлауының нақты күні қашан белгілі болатынын сұрады.
«Президент өкілетінің мерзімі 1,5 жылдан кейін аяқталатындықтан, Мемлекет басшысы өзінің Жолдауда айтқан бастамасы аясында Жарлық шығарып, сайлау өтетін күнді белгілейді»,-деп жауап берді Қанат Мусин.
Сондай-ақ, ол Президенттің алдағы уақытта неше рет сайлауға түсе алатыны туралы сұраққа жауап беру үшін алдағы Президент сайлауын өткізу туралы заң жобасы әзірленуі керектігін айтты.
«Заң тұрғысынан алғанда қолданыстағы заңда мерзімінен бұрын сайлау жариялау қарастырылған. Ондай заң жобасы қашан қарауға енгізілетіні заң шығару обьектісі ретінде Президентке байланысты. Әлі әзірленбеген заң жобасын талқылау ерте деп ойлаймын. Заң жобасын әзірлеу мерзімі заңнамада қарастырылмаған», - деді Қанат Мусин.