Президент сайлауы: Үміткерлердің телевизиялық дебаты өтіп жатыр

11 Қараша 2022, 20:13 2013

Дебатты Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастырды

Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың және олардың сенімді өкілдерінің қатысуымен телевизиялық дебат өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz

Кандидат ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі Ерлан Қошанов:

«Алдағы 7 жылда Қазақстан қандай болады? Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасы осы сауалға толық және нақты жауап береді. Бүгінгі таңда халқымыздың ең басты талабы – әділдік. Бағдарламаның негізгі өзектілігі осында. Біріншіден, әділеттік қоғам яғни, қоғамда заң үстемдігі салтанат құруы тиіс. Келесі бағыт әділет, экономика. Байлық та, билік те бір қолда шоғырланбайды. Шетел асқан халық қазынасы елге толықтай қайтарылады. Үшіншіден, әділетті мемлекет. Яғни, мемлекет ешкімнің жеке меншігі емес. Әділетті, бай-қуатты қауіпсіз мемлекетті бәріміз бірге құратын боламыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл бағдарламаны жүрегіммен жаздым деп айтты. Жүректен шыққан сөздің жүрекке жететіні сөзсіз. Кәміл сенеміз. Бағдарламада барлық өзекті мәселе қамтылған. Ең алдымен мемлекеттің Тәуелсіздігін, тұтастығын, тұрақтылығын барынша нығайтамыз. Елдің қорғаныс қабілеті артады», - деді Ерлан Қошанов.

Президенттікке үміткер Қарақат Әбден:

"Мен Қарақат Әбден ел президенті айқындалатын додаға әлеуметтік бағыттағы бағдарламамен қатысып отырмын. Бағдарламамды қазақ үшін қастерлі ұғым – шаңырақтан тарқатамын. Сол шаңырақтың астындағы баланың, әке мен шешенің, ата мен әженің бақуатты өмір сүруін мақсат еттім. Бар байлығымыз – балалар. Ендеше отбасының әлдилеген сәбиі мен әлпештеген баласына келесі игіліктер жасалады. Тегін орта білім беру мәселесін бір жола шешу, мектеп балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету, оқушыларымыздың талантын оятатын жағдай жасау, оларға тегін қызмет көрсететін мекемелердің жұмысын ұйымдастыру; Мектеп бағдарламасында ұлттық құндылықтар мен рухани даму бағыттарында тәрбие беретін жаңа пән енгізу; Орфанды ауруымен ауыратын балаларға бқлек грант беру; Елдің ертені – жастар. Бағдарламамда жастарға көбірек мүмкіндік беру көзделіп отыр. Тегін, орта және жоғары біліммен қамтамасыз ету. Шәкіртақыны еңбек ақысы жүйесінде есептеу және төлеу. Қыздарға арналған мәдение тәрбие беретін орталықтар ашу; оқу орны мен кәсіп орны арасында байланыс орнатуға күш жұмсау. Қариясыз ел жетім. Оларды қолдауда қарттардың демалуымен, серуендеуі үшін инфрақұрылымдарды жобалауды қарастыру. Егде жастағыларға медициналық көмектің тізімін кеңейту", - деді Қарақат Әбден.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) атынан президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев:

"Бірінші тармақ саяси реформаларды өткізу және сыбайлас жемқорлықпен күрес. Біріншіден біз Парламенттік республика құруды ұсынамыз. Бізге күшті және тәуелсіз бір палаталы Парламент керек. Үкіметті Мәжіліс құратын болады. Президентке жүктелетін міндеттер Жоғарғы өкілді қызмет атқару, мемлекеттік органдар арасында қамтамасыз ету, мелекет қауіпсіздігіне жауап беру сынды жұмыстар атқарылады. Екіншіден, билік тармақтарын бірінен соң бірін ажыратып, шынайы тепе-теңдік жүйесін жасау керек. Үшіншіден, депутаттың 50 пайызы бір мандаттық округтан сайласын. Бұл халықтық бақылау жүйесін күшейтуге мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлықпен жұмысты күшейту. Халықтық экономика құру. Олигархтар орта бизнестің дамуына және орта класстың қалыптасуына ммкіндік бермеуде. Олардың мақсаты қысқа мерзімде көп ақша табу. Сырттағы ақшаны елге қайтару керек. Ұлттық қордан ақша жұмсауды қою қажет. Мемлекет саясатының басты назарында адам болу керек. Азаматтар үшін өмір сапасының стандартын ұсынамыз", - деді Нұрлан Әуесбаев.

Жигули Дайрабаев «Ауыл» партиясы атынан президенттікке кандидат:

"Мемлекетімізді дамытудың жаңа моделін мен негізгі 3 бағытта көріп отырмын. Бірінші бағыт тек біздің ұлтымызға ғана тән дала демократиясының принциптерін орнату. Нарыққа қарық болайық деп осы құндылықтарды барлығын жоғалтып алдық. Алтын бесігімізді ауылдан шыққан адамды менсінбейтін халге жеттік. Қарапайым еңбек адамын қастерлеуді қойдық. Осының барлығын қайта жаңғыртатын кез келді. Мен Ата Заңымыздың басты қағидаты билік те, байлық та халыққа ғана тиесілі болуын сөз емес, іс-жүзінде жүзеге асырамын. Қарапайым еңбек адамының рөлін арттырамын. Әр адамның азамат болып қалыптасуында тынымсыз еңбек ететін мұғалімдердің, жан мен тәннің сақшысы болып жүрген дәрігерлердің, ел ырзығын молайтып отырған ауыл еңбеккерлерінің беділін бәрінен жоғары қойып, қайта асқақтатамын.

Сайлауалды бағдарламаның екінші тарауы. Сана-сезімімізді жаңартып, әрбірімізді жоғары мәдениеттілікке шақыруға арналған. Біз үлкенді ардақтап, кішіге қамқор бола білген елміз. Жау мен дауды бір сөзбен-ақ тоқтатқан дана халықпыз. Әр қазақстандық бесігінен жақсы тәлім алса, қулықпен тапқан байлыққа, арам ақшаға жастайынан жиіркенішті қараса сонда ғана ұғынамыз. Аналардың көңілі далада емес, балада боуы керек. Сондықтан оларға қолайлы жағдай жасауға міндеттіміз. Тілімізді жоғалтсақ, ұлтымызды жоғалтамыз. Маған дауыс берсеңіздер, ана тіліміздің мәртебесін арттырпмын. Әр қазақстандық мемлекеттік тілді білетіндей жағдай жасаймын.

Бағдарламамның үшінші бағыты. Қазақстанды ауылдары дамыған аграрлық державаға айналдыруды көздейді. Кәсіпті қолға алып, елді асыраймын дейтіндерге жол ашық болуы керек. Оған қажет бастапты капитал, субсидия, несие ешқандай кедергі болмауы тиіс. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген фермерлер салықтың барлық түрлерінен босатылсын. Өнім көп болса ғана азық-түлік тауарлары арзандайды. Ол үшін әр егістік алқапты игеруге міндеттіміз. Мен оның жолын білемін. Ауыл – қазақтың қаны, жаны, тамыры. Ауылдардың жабылуына жол бермеймін. Бүгінгі ауыл мен ауыл шаруашылығы халі мәз емес. Мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мәтебесін арттырамын. Ауыл еңбеккерлері жасасын!", - деді Жигули Дайрабаев.

EL.KZ
Бөлісу: