Президент сайлауы: Үміткерлер сайлаушылармен кездесу өткізді

4 Қараша 2022, 16:32 1789

Бұл туралы штабтың баспасөз қызметі мәлім етті

Алматыда Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова зияткерлік меншікті қорғау мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz

«Әлемдегі жағдай өзгеруде. Қоғамның өркендеуінің ең үлкен құндылығын қазір табиғи ресурстар, мұнай мен газ кен орындары жасамайды.  Ең көп нәтижені білім экономикасы береді: жаңа технологиялар, ноу-хау, зияткерлік меншік және тағы басқалары», - деп атап өтті құқық қорғаушы.

Әлем баяу, бірақ сенімді түрде зияткерлік меншікті қорғау жүйесін, ережелері мен институттарын құруда. Бірақ бұл үрдіс әлі Қазақстанға жеткен жоқ.

«Қазір Қазақстанда зияткерлік меншікті қорғау іс жүзінде жұмыс істемейді. Адамдар бәріне қол сұғуға көшкен. Әсіресе, әлеуметтік желіде жарияланған нәрселер. Фотосуреттер, мәтіндер, фильмдер, музыка мен кітаптардың айналасында құқықбұзушылар көп.  Америка Құрама Штаттарында немесе Еуропада ағындық платформалар үшін төлем жасамайынша немесе фильм билетін сатып алуға бармайынша, музыка тыңдау немесе фильм көру мүмкін емес. Қазақстанда контент үшін ақша төлеу ұят деп есептеледі. Құқық қорғау үшін сотқа жүгіну мәдениеті жоқ. Мәселен, микротолқынды пеш ұрлағаны үшін адам түрмеге түссе, өнер туындысын ұрлағаны үшін жазадан құтыла алады. Сондықтан бір нәрсені ұрлау – ұят, ал ақыл-ой еңбегінің өнімін сұрамай-ақ тартып алу – қалыпты жағдай болып кеткен», - деп қосты құқық қорғаушы.

Баяндамашы өзіне шығармашылық мамандық иелері – фотографтар, музыканттар, режиссерлер жүгінетінін, олар елімізде зияткерлік меншікті қорғау мәселесі үнемі екінші орында тұрғанына шағымданатынын атап өтті.

Жиынға қатысушылардың бірі құқық қорғаушылардың 10 жылдық талпыныстарынан кейін елімізде авторлық құқықты қорғауға арналған заң қабылданғанын баса айтты.

Бүгін Президенттікке үміткер Қарақат Әбден Республикалық сайлауалды штабында жұмыс жүргізіп, үгіт-насихат науқанының барысымен танысты.

«Үміткер сайлауалды жұмыс сапарымен ел өңірлерін аралап жүр. Бүгінге дейін сайлаушылармен 20-дан астам кездесу өткізілді. Қосшы, Қарағанды, Екібастұз, Павлодар, Семей, Талғар, Есік, Ақтөбе қалалары қамтылды. Сондай-ақ ауылдар мен аудандар да назарсыз қалмады. Бұдан, бөлек Қарақат Әбденнің сенімді өкілдері мен жергілікті штаб басшылары да үгіт насихат-жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Жалпы, республика бойынша үміткердің 20 сайлауалды штабы бар, 2000-ға жуық ерікті жұмылдырылды. Үлкен аудан орталықтарында да штабтар жұмыс жүргізуде», - деп жеткізді республикалық штаб басшысы Арман Оразқұлов.

 

Кандидат Жигули Дайрабаев Алматы қаласының іргесі Нұра ауылындағы сайлаушылармен кездесті. Алматыдан Жетіген ауылына қатынайтын № 220 автобусқа отырып, халықпен бірге соңғы аялдамаға дейін барды. Жол бойы ауыл жайлы әңгіме өрбітті. Нұрада тұрғындармен кездесті. Елдімекеннің тұрмыс-тіршілігімен танысты. Ауылға дейінгі жол сапасын көзімен көрді. Олардың ел өміріне қатысты пікірлерін тыңдады.

Нұра ауылы Алматы қаласынан 42 шақырым жерде орналасқан елді мекен. Кеңес үкіметі кезінде италия технологиясымен салынған, 10 мың ірі қара бордақылайтын Қазақстандағы жалғыз мал бордақылау кешені, 3 500 бас сиыр сауылатын сүт фермасы бар, жоңыршқа, жүгері және басқа дақылдары жайқалған да миллионер ауыл болды. Бірақ бүгін мұның бәрі өткен шақта айтылады. Бүгінде бұл ауылды да Қазақстанның бүкіл елдімекеніне тән жұмыссыздық жайлаған. Тұрғындардың басым бөлігі күн сайын Алматы қаласына қатынап жұмыс істеуге, студент жастары қала іргесіндегі ауыл саналатындықтан жатақханадан орын берілмейтіндіктен қатынап оқуға мәжбүр. Алайда ауыл мен Алматы арасында автобус жүрмегеніне 4 жылдай уақыт болған. Ол мәселені шешуге биіктегі биліктің ешқайсы құлық танытпаған. «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңы бойынша қала маңындағы елу шақырымға дейінгі елдімекен қалалық қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілуі керек болса да, мәселе сот шешімі шықса да орындалар емес. Алматы қаласының әкімдігі сот шешімін орындаудың орнына қарсы шағым жазып әлек. Аталған ауылды су, жарық, денсаулық сақтау, білім берумен қамту да тек Қазақстанға тән жүйе – қағаз бетінде  жүзеге асқан.   

«Алматы мен Нұра ауылы арасындағы автобус қатынасының мәселесіне «Ауыл» партиясы араласып, сотта ауыл тұрғындарының пайдасына шешім шығарылғанын білесіздер. Десек те, ол әлі де орындалған жоқ. Қала маңындағы ауыл осындай күйде болғанда шалғай елдімекендердің жай-күйі жайлы не айтуға болады. Сондықтан да менің сайлауалды бағдарламамның басым бөлігі ауыл шаруашылығын, ауылды жерлерді дамытуды басты назарға алған. Әлемдік қауымдастық мемлекет мәртебесін мегаполистермен емес, алыстағы ауылдың ахуалымен өлшейді. Сондықтан да мен Қазақстанды аграрлы державаға айналдыруға бар күшімді саламын», – деді Жигули Дайрабаев.

Кездесуде кандидат бағдарламасына қызығушылық танытып, қызу қолдау білдірген  ауыл тұрғындары оған саяси тартыста табыс тіледі. Өз мәселелерінің жақын арада шешімін табатынына сенім білдірді.

 

Алматыдағы ЖСДП белсенділері ҚР президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаевты қолдау мақсатында «Салауатты өмір салтын ұстану және табиғатты сақтау үшін!» акциясын өткізді. ЖСДП мүшелері табиғат аясында жаттығу жасап, «Медеу» мұз айдыны алдындағы 842 сатыдан тұратын «денсаулық баспалдағымен» бөгетке көтерілді.

Акцияға партия мүшелері, ЖСДП жастар қанатының белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.

Сондай-ақ марафон барысында партияның Алматы қалалық филиалының басшысы Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды бағдарламасының негізгі қаулылары жөнінде жиналған қауымға баяндап берді. Қазақстандықтардың өмір сүру сапасының стандарттары азаматтардың денсаулығының кепілі екенін атап өтті. Аталмыш стандарттарда адамның дұрыс тамақтану, ақпарат алу және демалысқа қатысты қажеттіліктері ескерілетін болады.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: