Президент сайлауы: Нұрлан Әуесбаев шымкенттік азаматтарды қабылдады

2 Қараша 2022, 15:19 1827

Үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр

2 қарашада ҚР президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан үміткер Нұрлан Әуесбаев Шымкентке сапар барысында Аймақтық сайлауалды штабқа соғып, партия активімен кездесті, сонымен бірге азаматтарды қабылдады, деп хабарлайды El.kz

Іс-шара барысында Нұрлан Әуесбаев ЖСДП белсенділерін өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарымен таныстырды. Құжатта баса назар саяси реформаларға аударылғанын атап өтті. Үміткердің пікірінше, «Алдымен экономика, кейін саясат» стратегиясы тиімсіз болып шықты. Партиялық-саяси өрісті толыққанды реформалау қажет.

Кезек күттірмейтін тағы бір өзекті мәселе – экономикаға тұсау болып отырған жемқорлық. Бұл жағымсыз құбылысты жою үшін ЖСДП-дан үміткер парақорларға қатысты жазаны барынша қатайтуды ұсынады. Әуесбаевтың пікірінше, сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын босату құқығынан айыру қажет.

Бюджет қаражатының бөлінуіне қатысты халықтық бақылау орнатылған кезде ғана сыбайлас жемқорлықпен күресуге болады. Нұрлан Әуесбаевтың пайымдауынша, ол үшін елге олигархтардың емес, халықтың түрлі топтарының қызығушылықтарын қорғайтын күшті бір палаталы парламент қажет.

Кандидат Салатанат Тұрсынбекова өзінің сайлауалды үгіт-насихат сапарында Түркістандағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы» зейнеткерлермен кездесіп, бірге уақыт өткізді.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда зейнет жасындағы 2,25 миллионға жуық азамат бар.

«Бұл белгілі бір проблемалары мен қажеттіліктері бар адамдар. Белсенді және ақыл-ойы толысқан жандар. Менің мақсатым – америкалықтар немесе қытайлықтар сияқты Қазақстандағы осы жастағы азаматтардың Еуропадағы мұражайларды көру үшін демалысқа шығуына немесе Африкаға сафариге баруына мүмкіндік жасау. Барлық азаматтар үшін лайықты және қауіпсіз қарттық – менің арманым», – дейді Салтанат Тұрсынбекова.

Халықтың осы тобының тілек-ұсынысын тыңдау үшін ол күн сайын 60-65-ке жуық зейнеткер спортпен айналысуға, үстел ойындарын ойнауға және жай ғана әңгімелесуге келетін «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» барды.

Кандидат Мейрам Қажыкеннің өңірлердегі үгіт насихат жұмыстары жалғасуда. Бүгін үміткер Өскемен қаласына келіп, Шығыс Қазақстан ауруханасының диагностикалық орталығының медицина қызметкерлерімен кездесті.

Кандидат жиналғандарға өзі және өзінің сайлауалды бағдарламасы жайлы айтып берді. Содан соң ақ халаттылар да өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Пікір алмасу әсіресе еңбекақыны арттыру, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру, әлеуметтік төлемдер секілді тақырыптармен өрбіді.

«Дамыған елдере медицина саласына деген көзқарас өзгеше. Оларда бұл саланы қаржыландыру ЖІӨ-нің 6% -құрайды. Ал бізде 1,5%. Бұл 4 есе төмен деген сөз. Біздің медицина әсіресе мемлекеттік қаржыландыру есебінен жұмыс істейтін ұйымдар қаржыландырылмайды. Ал қаржыландыру медициналық мекеменің барлық шығындарын өтеуге жеткілікті болуы тиіс. Негізінде денсаулық сақтау саласына реформалар жүргізу өте күрделі процесс. Бірақ  кадрлар даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және т.б. бағыттарда нәтижеге жете аламыз. Медицина бағыты дамусыз, тасада қалмау керек. Бұл мен күрделі де жауапкершілікті міндет. Бірақ мен бұл міндетімді абыроймен ақтаймын», - деп атап өтті М.Қажыкен.

 

Бүгін кандидат Жигули Дайрабаев Павлодар облысы Екібастұз қаласының базарында болып аймақтық азық-түлік нарықтарындағы жағдаймен танысты. Сатушылармен, сатып алушылармен, өнім жеткізушілермен кездесті. Олардың ел өміріне қатысты пікірлерін тыңдады.

Сатып алушылар тарапынан бағаларға қатысты көптеген сұрақ болды. Негізінен бағаның тұрақсыздығы, оның үнемі көтерілетіні, тауардың қымбаттығы туралы айтылды. Сатушылардан отандық тауар өндірушілерден тауарларды жүйелі түрде жеткізу жоқ, сондықтан импорттық дайын өнімдермен жұмыс істеуге тура келеді деген шағым болды.  

Бұдан кейін кандидат қалалық ақсақалдар кеңесімен кездесті. Олармен шахмат ойнай отырып, әңгімелесіп, біршама мәселені талқылады. Ақсақалдар кандидатқа зейнетақы активтерін басқаруды қалай жоспарлайтыны жайында сұрақ қойды.

 

Үміткер Қарақат Әбден Ақтөбе қаласының сайлаушылармен кездесу өткізді. Сайлауалды жиында үміткер жергілікті тұрғындармен, Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдерімен кездесті.  

Жиын барысында президенттікке үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, әлеуметтік сала, әйелдің қоғамдағы рөлі мен көп балалы әйелдердің жағдайы туралы сөз қозғалды. «Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен әлемді тербеген көп балалы аналар қоғамға, жастарға  үлгі болу керек. Көп балалы ана болу – нағыз ерлік. Бүгінгі кездесуде келген ақтөбелік әйелдер қауымы осының жарқын үлгісі бола алады. Олардың белсенділік танытып жүргені қуантады. Ел игілігі үшін әйелдердің көшбасшылық қасиеттерін дұрыс бағытта дамыту, ежелден қалыптасқан ұлттық құндылықтарды сақтау мен отбасындағы  бала тәрбиесі әйелдердің басты назарында екені белгілі болды. Өзім көп балалы ана ретінде әйел-ана, қазақ қызы ұлт айнасына айналу керек деп санаймын», - деп атап өтті Қарақат Әбден. Жиналған әйелдер қауымы бала тәрбиесіндегі тіл мәселесінің өзектілігін де тілге тиек етті.

«Әйел адам отбасында да, іскерлік бағытта да жетістікке жету үшін жан-жақты болып, іздену керек, өзін дамыту керек екендігін түсіндім. Қарақат Әбден бүгін бізге үлкен мотивация берді», -деп бөлісті Ақтөбе қаласының Іскер әйелдер кеңесінің жастар қанаты төрайымы Майра Сауырбаева.

Еске салсақ, Қарақат Әбден бұған дейін Ақмола облысы, Қарағанды, Астана, Екібастұз, Семей, Павлодар, Талғар, Есік қалаларының тұрғындарымен жүздескен еді. Алдағы уақытта оның Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ұлытау облысы сайлаушыларымен кездесу өткізетіні мәлім.

EL.KZ
Бөлісу: