Президент Қазақстанның Әскери доктринасын бекітті

25 Қазан 2022, 02:10 1426

Құжатты қорғаныс министрлігі басқа күштік құрылымдармен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірлеген

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Әскери доктринасын бекітті, деп хабарлайды ведомствоның ресми сайты.
 
Құжатты қорғаныс министрлігі басқа күштік құрылымдармен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірлеген.
 
Мемлекет басшысы 2021 жылғы "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" атты Жолдауында Әскери доктринаны қайта қарау қажеттігін мәлімдеген еді. Қарулы күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қайта форматтау туралы бірқатар тапсырмалар берген президент қорғаныс қабілетін нығайту, қауіп-қатерлерге ден қоюдың жеделдігін арттыру мемлекеттік маңызы бар басымдықтарға айналуға тиіс екенін атап өтті.
 
Құжатта әскери қауіптер мен қауіпсіздікке әсер ететін заманауи жағдайлар мен факторлар көрсетілген. Оған әскери-саяси және әскери-стратегиялық салалардағы қызметтің жаңа бағыттары, нормативтік құқықтық актілерді жүйелеу және әскери жоспарлау жүйесін енгізу шаралары енгізілген.
Қарулы күштердің жауынгерлік әлеуетін арттыру мақсатында арнайы операциялар күштерін дамыту және олардың басқа мемлекеттік органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелерімен өзара іс-қимылын кеңейту көзделген.
 
Әскери доктринаның жаңа редакциясы мемлекеттің әскери қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз ету жөніндегі көзқарасын қазіргі заманғы талаптар мен жағдайларға бейімдеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ жаңа қатерлер мен тәуекелдерге ден қоюдағы елдің әскери әлеуетін арттырады.
Әскери доктринаға өзгерістер енгізу туралы жарлық заңды күшіне енді.
Бөлісу: