28.11.2025
14:33
508
Президент Қазақстанды толықтай цифрлық елге айналдыруды тапсырды

Президент Қазақстанды толықтай цифрлық елге айналдыруды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды цифрландырудың маңызын атап өтіп, жергілікті басқару жүйесінің жаңа талаптарға сай жұмыс істеу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы бұл туралы ауыл әкімдерінің диалог-платформасында айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Президенттің айтуынша, ауыл әкімдері цифрлық технологияларды белсенді меңгеріп, салық түсімдерін арттыруға бағытталған құралдарды тиімді қолдануы тиіс. Ауылдық округтер әкімдері өздерінің кеңейтілген өкілеттіктерін толық іске асырып, салық түсімдерін ұлғайту мақсатында қолданыстағы ақпараттық платформалармен жұмыс істей білуі қажет, - деді Тоқаев.

Ол цифрландыру ісін ауылдық аймақтардан тыс қарастыру мүмкін еместігін атап өтті.

Цифрлық Қазақстанды ауылдар мен ауылдық округтерсіз құру мүмкін емес. Жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру дәуірінде бұл іске ауыл әкімдері де белсенді түрде атсалысқаны жөн, - деді президент.

Тоқаевтың пікірінше, елді мекендерді цифрландыру қала мен ауыл арасындағы тұрмыс сапасы алшақтығын азайтады.

Елді мекендерді цифрландыру ауыл мен қала тұрғындарының тұрмыс сапасын айтарлықтай теңестіреді. Сондықтан Үкімет бұл бағыттағы жұмысты басты басымдықтардың бірі ретінде қарастыруы қажет, - деді ол.

Президент жергілікті жерлерден түсетін жедел ақпараттың маңызын да атап өтті:

Жергілікті жерлерден алынған нақты әрі жедел ақпарат орталықта тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экономикалық дерекқор негізін қалап, ресурстарды әділ бөлуге ықпал етеді, - деді мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Тоқаев алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрландыру стратегиялық мақсат болуы керектігін айтты.

Алдағы үш жылда Қазақстанды толықтай цифрлық елге айналдыру – жаңа даму кезеңіндегі басты міндеттердің бірі. Болашақта еліміздің әлемде алатын орны осыған тікелей байланысты. Сондықтан мұны тіршілік үшін талас десек, артық айтқандық емес, - деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-та қабылданған технологиялық бастамаға да тоқталды. Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп жақында жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған ауқымды жобаны іске қосқан.

Осы аптада президент Дональд Трамп АҚШ-тың технология саласындағы жаһандық үстемдігін қамтамасыз етуге арналған стратегиялық бастамасын жариялады, - деді Тоқаев.

АҚШ-та жасанды интеллектінің бірыңғай платформасы құрылмақ.

Бұл ғылыми зертханаларды, дата орталықтарды, цифрлық модельдерді және суперкомпьютер желісін біріктіретін ұлттық ақыл-ой алаңы болмақ. Бұл жартылай өткізгіштерден бастап роботты техникаға дейінгі, ядролық энергетикадан бастап биомедицнаға дейінгі салаларды түгел қамтиды, - деп түсіндірді президент.

Ол бұл жобаға берілген уақыттың өте қысқа екенін де атап өтті.

Мұны іске асыру үшін бір жылға жетер-жетпес мерзім беріліп отыр. Сол себепті бізге де шара қолдану керек, - деді Тоқаев.

Қазақстанның мақсаты жаһандық көшбасшылыққа таласу емес, бірақ әлемдік технологиялық үрдістен қалып қоймау екенін айтты:

Әлбетте, Қазақстан жаһандық ауқымдағы көшбасшылыққа таласпайды. Бірақ өркениет көшінен қалмай, технологиялық жаңғыруды жылдамдату қажет. Ойланып-толғанып жүруге уақыт аз, - деді мемлекет басшысы.