Президент премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады

24 Қыркүйек, 16:31 539

Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, егін орағы және жылыту маусымына дайындық барысы туралы ақпарат берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Олжас Бектеновтің айтуынша, биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығында экономиканың өсімі 3,7 пайызды құрады. Атап айтқанда, құрылыс (8,8%), көлік және қойма ісі (7,9%), байланыс (7,4%), сауда (5,5%), өңдеу өнеркәсібі (4,9%) секторларындағы көрсеткіш едәуір жақсарған.

Ауыл шаруашылығын жеңілдікпен қаржыландыру көлемі 3 есе ұлғайып, 580 миллиард теңгеге жетті. Бүгінде еліміз бойынша дәнді және бұршақты дақылдар алқабының 70,2 пайызы жиналып, 17,2 миллион тонна астық бастырылды. Диқандар арзан жанар-жағармаймен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілді.

Мемлекет басшысына барлық өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде баяндалды. Әлеуметтік нысандардың дайындығы жоғары деңгейде. Тұрғын үйлердің жылыту маусымына әзірлігі бойынша жұмыс 98,3 пайызға орындалды. Электр станцияларына жыл сайын 60 миллион тонна көмір қажет. Қазір оның қажетті қоры бар.  

Қасым-Жомарт Тоқаевқа су тасқыны салдарын жою жөніндегі бұған дейін берілген тапсырмаларының орындалу барысы мен келесі жылы су тасқыны жағдайының алдын алу шаралары туралы айтылды. Зардап шеккендердің барлығына әлеуметтік қолдау көрсетіліп, бүлінген дүние-мүлкі үшін өтемақы төленді. Баспанасынан айырылғандарға  5 767 тұрғын үй сатып алынды және 2576 жаңа үй салынды. Ақмола мен Батыс Қазақстан облыстарындағы 104 нысанда жұмыс аяқталуға жақын. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып жатыр. 

Кездесу соңында мемлекет басшысы еліміздің өнеркәсіп әлеуетін одан әрі арттыру және инфрақұрылымды жаңғырту жөнінде бірқатар тапсырма  берді.

EL.KZ
Бөлісу: