Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Digital Qazaqstan жобасының жүзеге асырылуына арналған жұмыс кеңесі өтті.
Жиында мемлекет басшысы жасанды интеллект пен цифрландыруды ел өмірінің барлық саласына кеңінен енгізу қажеттігін айтты. Президенттің сөзінше, негізгі мақсат – озық технологияларды тиімді пайдаланып, азаматтар мен бизнеске қолайлы цифрлық орта қалыптастыру.
Тоқаев Қазақстан цифрлық реттеу жүйесін енгізуді алғашқылардың бірі болып бастағанын атап өтті. Оның айтуынша, елде цифрлық кодекс қабылданып, жасанды интеллект туралы арнайы заң күшіне енген. Алайда Президент мұнымен шектеліп қалмай, жаһандық өзгерістер қарқынына сай нормативтік базаны үнемі жаңартып отыру қажет екенін жеткізді.
Қазіргі заманда әрбір азаматқа түсінікті әрі айқын болатын «Цифрлық мемлекет» ұғымын қалыптастыру қажет. Яғни, Digital Qazaqstan стратегиясы азаматтар мен бизнестің нақты талап-тілегін ескеруге тиіс, – деді мемлекет басшысы.
Президент бұл стратегия халық мүддесіне қызмет ететін маңызды құжат болуы керек екенін айтты. Сонымен қатар шұғыл шешімді қажет ететін мәселелер де бар екенін ескертті.
Мемлекеттік аппарат қызметін цифрландыруды жеделдету қажет. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа ауыстырылған. Бірақ ведомствоаралық ақпарат жүйелері әлі де біріздендірілген үдеріске толық кіріктірілмеген. Жеделдік пен сапа барлық кезеңде басымдыққа айналуға тиіс. Адамдарды жүгіртіп, әуре-сарсаңға салмай, деректерді барынша қолжетімді еткен жөн, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Qazaqstan стратегиясында қағазбастылықтан арылып, ішкі процестерді түбегейлі қайта құруға баса мән берілуі керектігін айтты.
Цифрландыру мен бюрократия – бір-біріне кереғар құбылыстар. Біз заманауи технологияларды ескірген бюрократияның тар шеңберіне қамауға тырыспай, жаңаша жұмыс істеуге үйренуіміз керек. Заманауи цифрлық мемлекет жасанды интеллектіге бейімделуге және ауқымды деректер қорын оңтайлы пайдалануға міндетті. Меніңше, процесс өте баяу жүріп жатыр, – деді мемлекет басшысы.
Президент Үкіметке мемлекеттік аппаратты түбегейлі трансформациялау міндетін жүктеді. Бұл жұмысты үйлестіру жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне тапсырылды.