20.01.2026
13:45
711
Президент: Мемлекет басшысы сайлау арқылы ғана билікке келуі тиіс

Президент: Мемлекет басшысы сайлау арқылы ғана билікке келуі тиіс

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық нормаларды жетілдіру және президент сайлауына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Президенттің айтуынша, елдің басқару жүйесінде кез келген мемлекет басшысы заңды түрде, сайлау арқылы билікке келуі тиіс.

Егер Сенат төрағасына мемлекетті басқару мүмкіндігі болмаса, президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді. Бұл ретте мәселе қалған мерзімге тіреледі. Басқаша айтқанда, қалған мерзім алты айға да, алты жылға да созылуы мүмкін, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы тұрғыда маңызды норманы ерекше атап өтті:

Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кеткен жағдайда, екі айдың ішінде кезектен тыс президент сайлауы өткізілуі тиіс. Бұл норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет. Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бұл принцип тек қазіргі жағдайға ғана емес, кейінгі мемлекет басшылары үшін де өзінен-өзі сақталатын қағида болуы тиіс.

Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл мен үшін принциптік ұстаным, – деп түйіндеді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Конституция мәтінінде кейбір терминологиялық және стильдік кемшіліктердің бар екені анықталған. Мемлекет басшысы осы олқылықтарды түзету қажеттігін атап өтті және бұл жұмысқа заңгерлермен қатар білікті тіл мамандарын тарту керегін жеткізді.

Ата заңымыздың мәтінін ұлттық кондукторымызға сай, заман өткен сайын өзектілігін сақтайтындай етіп қайта жазу қажет. Қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы нақты көрініс табуы керек. Осы арқылы Қазақстанның ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері екенін паш етуіміз керек, – деді президент.

Бұдан бөлек мемлекет басшысы әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздеу қағидатын Конституцияға енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Біз бәріміз әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.