Президент Халықаралық Арал теңізін құтқару қорын қолдауға шақырды

1 Желтоқсан 2023, 19:05 1802

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кеңірек айтқанда, халықаралық қоғамдастық климат бағытындағы бағдарламаларға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтуға қатысты өз міндеттемелерін күшейтеді деп үміттенеміз. Бірақ қаржыландыру – тек кедергілердің басы ғана. 2050 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін көтерілуін шектей алғанымызбен, Орталық Азия елдері бәрібір температураның 2,5 градусқа дейін жоғарылау мәселесімен бетпе-бет келеді. Бұл су тапшылығына, қатты ыстыққа, шөлге және экстремальды гидрологиялық құбылыстарға әкеп соқтырады. Сондықтан мұндай қиын жағдайдан қашып құтыла алмаймыз және оған бейімделуге мәжбүрміз, - деді ол.

Президент Арал теңізі әлемдегі төртінші ірі ішкі су айдыны болғанын еске салды.

Мысалы, біз Халықаралық Арал теңізін құтқару қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз. Өздеріңізге мәлім, бір кездері Арал теңізі әлемдегі төртінші ірі ішкі су айдыны болған. Қазақстан келесі жылы Қорға төрағалық етеді және осы мәселені шешу үшін барлық серіктесті жұмылдыруға үміттенеді. Бұдан бөлек, БҰҰ Бас Ассамблеясының келесі сессиясы шеңберінде «Біртұтас су» атты бірінші тақырыптық саммит өтеді. Біз Франциямен бірге аталған жиынға тең төраға болатынымызға қуаныштымыз. Биылғы COP28 саммитінің табысты өткенін ескере отырып, барлық қатысушы мемлекетті 2024 жылдың маусым айында ұйымдастырылатын Астана халықаралық форумына қатысуға шақырамын. Форум климатқа қатысты осы өткір мәселелер бойынша мақсатты ынтымақтастықты СОР29-ға дейін жалғастыратын диалог алаңы бола алады, - деді мемлекет басшысы.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: