Президент бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

24 Қаңтар 2023, 16:39 929

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Ақорда» резиденциясында төрт елдің төтенше және өкілетті елшілерінің Мемлекет басшысына сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.

Сенім грамоталарын Швеция Корольдігінің елшісі Ева Ульрика Пулано, Грузияның елшісі Николоз Лалиашвили, Мьянма Одағы Республикасының елшісі Лвин У және Кипр Республикасының елшісі Кипрос Йоргаллис тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының ресми түрде басталуымен құттықтап, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту жұмыстарына табыс тіледі. Мемлекет басшысы Қазақстанның достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған бейбіт әрі ашық сыртқы саясат жүргізіп отырғанын айтты.

Мемлекет басшысы дипломаттардың игі миссияларын орындауы кезінде Қазақстан Үкіметі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Рәсім соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерге табыс тілеп, олардың мемлекеттерінің басшыларына ізгі тілегі мен сәлемін жолдады.

EL.KZ
Бөлісу: