Президент Атыраудағы Абай орталығына барды

8 Қараша 2022, 15:04 1830

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті

Мемлекет басшысы Атырау облысына жұмыс сапары аясында Абай атындағы  орталықтың жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz

Президент орталықта белгілі тұлғалардың домбырыларынан жасақталған көшпелі көрмені тамашалады. Көрмеге Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақталған Абай Құнанбайұлы, Дина Нұрпейісова, Махамбет Өтемісұлы сынды тарихи тұлғалардың, белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбектің, композитор, жазушы Ілия Жақановтың, Нұрғиса Тілендиевтің, Рысбай Ғабдиевтің, Қаршыға Ахмедияровтың, Әзидолла Есқалиевтің, Әсима Ізмұхамбетованың, Айгүл Үлкенбаеваның және басқа да өнер қайраткерлерінің домбыралары қойылған.

Абай орталығында оқушылардың үйірмелерге қатысып, өнер түрлерін үйренуіне жан-жақты жағдай жасалған.

Президент «JasSpace» STEM зертханасында жасалған жобалармен, бұйымдармен танысты. Сондай-ақ бір топ жас домбырашы Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады.

– Бәрекелді!  Қадыр Мырза-Әлі ағамыз айтқандай, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Сондықтан нағыз қазақ әрқашан осындай болуы керек! – деді Президент.

Шахмат кабинетінде Мемлекет басшысы жас шахматшылармен әңгімелесті. Олардың арасында биыл Румынияда өткен 14 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Әлем чемпионатының жеңімпазы Зарина Нұрғалиева да болды. Президент дарынды шахматшыдан болашақтағы жоспарын сұрап, сәттілік тіледі.

Сондай-ақ өскелең ұрпақты өнер-білімге баулитын Абай орталығына Президент атынан автобус тарту етілді.

EL.KZ
Бөлісу: