22.04.2025
11:31
371
Президент архивінің үш жаңа басылымы жарық көрмек

Президент архивінің үш жаңа басылымы жарық көрмек

ҚР Президентінің Архивінде белгілі отандық тарихшылар мен архившілерден құралған консультативтік орган ғылыми кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жолы сарапшылар архив қызметкерлері дайындаған үш бірдей жаңа басылымның мазмұнын талқылады. Әрбір ұсынылған еңбек тарихи жадымызды қалыптастыруда үлкен үлесін қоспақ.

Кеңеске Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті докторантурасының бастығы Нұртаза Асылов, Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған, Мәдениет және ақпарат министрлігінің архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Әли Рустам, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғылыми қызметкері Ілияс Қозыбаев, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры Гүлжауһар Көкебаева және тағы басқалары қатысты.

Әуелі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлікке тағзым» атты фотоальбом қаралды. Кітапта Жеңіске атсалысқан қазақстандықтардың үлесін бейнелейтін фотосуреттер, хаттар мен газет беттері жинақталған.

Ғылыми кеңес мүшесі, ҚР Ұлттық қорғаныс университеті докторантурасының бастығы Нұртаза Асылов бұл басылымда Ұлы Отан соғысы майдандарында жауынгерлік қызмет атқарған қазақстандықтардың ерліктері жан-жақты көрсетілгенін атап өтті.

Кітап қарапайым әрі түсінікті тілде жазылған, кең аудиторияға арналған. Жинақ жастар арасында патриоттық тәрбие беруге, майдандағы батырлар мен соғыс ардагерлерінің ерлігіне құрмет көрсетуге арналған. Бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарын жалғастыру маңызды, себебі әлі де белгісіз немесе аз зерттелген деректер жетерлік. Кітаптың ерекшелігі – түрлі бағыттарды сараптап, архивтік және құжаттық дереккөздерді қолдануында. Архившілер әр бөлімге мұқият қарап, үлкен еңбек атқарғаны көрініп тұр. Ең бастысы – кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрмек. Бұл оның оқырмандар аясын кеңейтеді. Басылым Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан салмақты үлесін көрсетеді, – деді ол.

Айта кетейік, кітапты дайындауға бір жылға жуық уақыт кетті. Оннан астам Архив қызметкері материалдарды іздеп, оларды тексеріп, соғыс жылдарының шынайы шежіресін қалпына келтіруге тырысты.

Отырыста талқыланған екінші жоба – «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қазіргі заманғы тарих құжаттарымен жинақтау: тәжірибе, проблемалар және перспективалар» атты ұжымдық монографиясы.

Бұл зерттеу архив қорларын қалыптастыру мәселелеріне, құжаттармен қамтамасыз ететін ұйымдармен жұмыстың ерекшеліктеріне және цифрландырудың заманауи талаптарына арналған.

Ғылыми кеңес мүшелерінің пікірінше, монография архившілерге, тарихшыларға және Қазақстанның жаңа тарихының құжаттарымен жұмыс істейтін мамандарға арналған маңызды практикалық құрал болады. Тарихи жадымызды сақтауға арналған тағы бір маңызды еңбек – «Нығмет Нұрмақов – мемлекет қайраткері. Құжаттар мен материалдар» жинағы. Жаңа жинақта тарихи тұлғаның мемлекет қайраткері ретіндегі рөлі, оның ұлттық саясаттағы маңызды еңбектері мен қызметіне қатысты құжаттары талданды.

Бұл басылымдардың құндылығы тек тарихи жадымызды жаңғыртумен шектелмейді. Олар қоғамның өткенге, маңызды оқиғалар мен тұлғаларға деген көзқарасын қайта қарауға жол ашады. Мысалы, Н. Нұрмақовқа арналған құжаттар жинағы – Қазақстан саясатының қалыптасу кезеңіндегі Н. Нұрмақовтың рөлін әділ бағалауға мүмкіндік беретін маңызды еңбек. Бұл кітап ХХ ғасырдың 20–30-жылдарындағы мемлекеттік саясатты жаңа қырынан танытып, Нұрмақовтың ел мүддесі жолындағы қызметін нақты архивтік деректер арқылы жан-жақты ашып көрсетеді, — деді ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы Гүлшат Нұрымбетова.

Аталған басылым екі жылдан астам уақыт бойы дайындалды. Онда ресми қаулылардан бастап жеке хат-хабар мен газет жарияланымдарына дейінгі бірегей архивтік құжаттар бар.

Отырыстың қорытындысы бойынша ҚР Президенті Архивінің Ғылыми кеңесі барлық үш басылымды баспаға ұсынылды. Олар 2025 жылдың соңына дейін жарық көреді деп жоспарланып отыр.

 Ғылыми кеңес жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын айта кету керек. Алғашқы отырыста күн тәртібіне енгізілген үш жинақ бойынша пікірімізді білдірдік, оны баспаға ұсынуға қарсылық болмады. Меніңше, баспадан шығатын әр жұмыс осылай мамандардың талқылауларынан өтуі міндетті, – деді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Алдағы уақытта Президент Архиві Қазақстан тарихындағы маңызды тұлғалар мен оқиғаларға арналған құжаттарды зерттеу мен насихаттауға бағытталған тарихи жобаларды дайындау жұмысын жалғастырмақ. Әсіресе, архивтік материалдарға кең аудиторияның онлайн-қол жеткізуіне жағдай жасайтын виртуалды көрмелер мен цифрлық бастамаларға басымдық берілмек.