Президент «Әл-Фараби» орденін енгізуді ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ойшылдар мен тарихи тұлғалардың мұрасын дәріптеу, оны терең зерттеу және заманауи тұрғыда пайдалану қажеттігін атап өтті.

Президенттің айтуынша, еліміздің зияткерлік мұрасы – әлемдік ақыл-ойдың алтын қазынасы.

Біз зияткерлік мұрамызды мақтан тұтамыз. Әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Абай сынды ғұламаларымыз соңына сарқылмас рухани қазына қалдырды. Олардың еңбектері әлемдік ақыл-ойдың алтын қорына кіреді, – деді мемлекет басшысы.

Ол бабалар мұрасын қазіргі талапқа сай игерудің маңызын да ерекше атады.

Данышпан бабаларымыздың баға жетпес туындыларын заман талабына сай кәдеге жарата білуіміз керек. Ойшылдарымыз бен ғалымдарымыздың мұрасын терең танып, кеңінен дәріптеп, барынша дамытқан жөн. Ұлы тұлғаларды ұлықтау жұмысына тың серпін беру аса маңызды, – деді президент.

Сондай-ақ ол Түркістанда көтерілген бастамалардың мәніне тоқталды.

Түркістан төрінде «Қожа Ахмет Ясауи» ордені туралы көтерген бастаманың мәні де – осында. Былтыр Ясауи ілімін зерделеуге арналған халықаралық симпозиум өтті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ясауи мұрасын кеңінен насихаттау қажеттігін де айтты.

Жалпы, бәріміз әйгілі Қожа Ахмет Ясауиді бірегей ғұлама әрі өркениеттанушы ретінде еліміздің әр аймағында және шетелде кеңінен дәріптеуіміз керек. Оның бай мұрасын жан-жақты зерттеу қажет, – деді ол.

Президенттің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып келеді.

Осы өнегелі дәстүр биыл әл-Фараби форумына ұласады. Мұндай ғылыми мәні зор басқосулар жыл сайын өткізіліп тұрады, – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президент жаңа мемлекеттік марапат енгізу бастамасын жариялады.

Бүгінгі салтанатты жиында тағы бір жақсы жаңалықты жариялағым келеді. Қазақ даласы көптеген кемеңгер тұлғалардың мекені болған. Соның ішінде әл-Фарабидің орны ерекше. Оның мұрасы – бүкіл адамзаттың асыл қазынасы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты мемлекет басшысы жаңа орден енгізу туралы ұсыныс айтты.

Осыған орай, жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне «Әл-Фараби» орденін енгізу қажет деп санаймын. Бұл марапат білім мен ғылым, мәдениет пен руханият саласында зор табысқа жеткен азаматтарға беріледі. «Мейірім», «Қожа Ахмет Ясауи», «Әл-Фараби» ордендері биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында тапсырылатын болады, – деді президент.