Премьер-министр жаңа оқу жылына қатысты Үкімет мүшелеріне тапсырма берді

16 Тамыз 2022, 11:28 1142

1 қыркүйекке дейін 81 жаңа мектеп ашу жоспарлануда. 213 мектеп толық жөндеуден өтеді

Премьер-Министр қазіргі таңда білім беру объектілерінің бәрі бірдей қауіпсіздік талаптарына сай емес екенін айтты, деп хабарлайды El.kz

«Бұл мәселені ерекше бақылауға алып, балалардың қауіпсіздігі үшін тез арада тиісті шараларды қабылдау қажет», - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы мына мәселелерге назар аударды:

«Бірінші. Білім беру нысандарының бәрі оқу жылына 100% дайын болуы тиіс.

Екінші. Өңір әкімдіктері білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелерін Ішкі істер органдарының Жедел басқару орталықтарына шығаруды жеделдетуі қажет.

Сонымен қатар мектептерді күзетуге лицензияланған ұйымдарды тарту жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз етсін.

Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, білім беру бағдарламасына Жол қозғалысы ережелерін үйретуді міндетті түрде енгізу, жұмыс істеп жүрген инспекторларды осы жұмысқа тарту мәселесін қарастырсын.

Үшінші. Өңір әкімдіктері көмекке мұқтаж балаларды мемлекеттік қолдау шараларымен 100% қамтамасыз етуі қажет.

Мектеп тауарларын төмен бағамен сату үшін мектеп жәрмеңкелерін және шалғай ауылдарға шығатын автодүкендерді ұйымдастыру қажет.

Сауда министрлігі «Атамекен» палатасымен және әкімдіктермен бірлесіп, мектепке қажетті керек-жарақтар бағасының тұрақты болуын қамтамасыз етсін.

Индустрия министрлігі «Атамекен» палатасымен бірлесіп, мектеп формасының құнына қатысты мәселені пысықтасын.

Төртінші. Өңір әкімдіктері мектептерге оқулықтардың қажетті санын жеткізуді қамтамасыз етсін.

Бесінші. Ғылым және жоғары білім министрлігі және өңір әкімдіктері жоғары оқу орындары мен колледждердің басқа қалалардан келген студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын», - деді Алихан Смайылов.

Бөлісу: