Премьер-Министр Халықаралық валюта қорының басшысымен кездесті

6 Қазан 2022, 11:55 1479

Халықаралық валюта қорының Қазақстан бойынша миссиясының басшысы жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Халықаралық валюта қорының Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Николя Бланшемен кездесті, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар еліміздегі миссия жұмысының қорытындыларын, сондай-ақ ҚР Үкіметінің инфляцияға қарсы күрес, салықтық әкімшілендіру мен бюджеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыру шараларын, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, цифрландыру және мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі бастамалары, инвестициялар тарту жөніндегі қадамдары, ағымдағы сыртқы экономикалық сын-қатерлер және өңірлік күн тәртібіндегі басқа да өзекті мәселелер қаралды.

«Біз ХВҚ-мен серіктестіктің стратегиялық маңыздылығын және Қордың еліміздің дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалаймыз», — деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Николя Бланше Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды және ХВҚ елдік миссиясының жұмысын жоғары бағалады.

«Біздің арамызда берік және сындарлы ынтымақтастық қалыптасты. Біз Үкіметтің жаңа реформаларды іске асыру жөніндегі қадамдарын құптаймыз және барлық мүдделі бағыт бойынша консультация мен техникалық көмегімізді ұсынуға дайынбыз», — деді Николя Бланше.

Кездесу соңында Премьер-Министр екіжақты өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендігін атап өтті.

Бөлісу: