05.01.2026
09:52
539
«Прайм-дәуір»: Президент қазақстандық жастарға қандай міндет жүктелетінін айтты

«Прайм-дәуір»: Президент қазақстандық жастарға қандай міндет жүктелетінін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жастардың көзқарасы мен қоғамдағы рөліне қатысты пікір білдіріп, өскелең ұрпақтың ел болашағындағы орнына ерекше тоқталды. Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында жастардың талапшылдығы мен елге деген сенімін оң құбылыс ретінде бағалады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Президенттің айтуынша, бүгінгі жастар – қуаты мол, ойы сергек, азаматтық жауапкершілігі жоғары буын.

Жастарымыздың күш-қуаты мол, үміті мен сенімі зор әрі азаматтық сана-сезімі өте жоғары. Олар – бар ықыласымен болашаққа ұмтылатын отаншыл азаматтар. Дәл осындай өршіл ұстанымның арқасында еліміз талай рет алдынан шығатын сын-қатерлерді еңсеріп, қиындықтарды жеңері сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлеуметтік желіде жиі айтылатын «Қазақстан прайм-дәуірге қадам басты» деген пікірлерге де тоқталды. Президент мұндай оптимизм кейде орынсыз көрінуі мүмкін екенін жоққа шығармайды, алайда жастардың ниетіне түсіністікпен қарау қажет екенін атап өтті.

Жастардың қуанышы орынсыз, тіпті оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ олардың ой-пікірімен санасқан жөн. Жастар Отанымызға тек жақсылық тілейді. Бұл – қоғамымыздағы жасампаздық рухтың бар екенін көрсетеді, – деді ол.

Сонымен қатар президент өскелең ұрпаққа нақты өмірлік ұстанымдар қажет екенін ескертті.

Өскелең ұрпақ бүгінгі ахуалға арман-қиялмен емес, нақты көзқараспен қарауы керек. Виртуалды емес, шынайы әлемде өмір сүргені жөн, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды тәртіпке, еңбекқорлыққа және жауапкершілікке шақырды.

Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, ерінбей еңбек етіп, өзін темірдей тәртіпке тәрбиелей білгені жөн, – деп түйіндеді президент.

Мемлекет басшысының бұл пікірі қазіргі буынға сенім артумен қатар, олардың мойнына жүктелетін жауапкершіліктің де салмағы зор екенін аңғартады.

Бұған дейін Тоқаев туризмнің дамуына кедергі болатын факторларды атады. Жол апатына себеп болатын жайттарға тоқталды