Поляк ғалымдары қазақстандық университеттермен тәжірибе алмасады

Бүгiн, 16:32 107

Жаңа оқу жылында шетелдік ғалымдарды оқытушылық қызметке тарту бағдарламасы бойынша отандық таңдаулы университеттерге 10 шетелдік мамандардың келуі жоспарланған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Аталған бағдарлама аясында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті Мария Гжегожевская университетінің (Польша) қауымдастырылған профессоры, философия докторы (PhD) Ева Дорота Дуданы қарсы алды. Профессор Ева Дуда білім алушыларға ғылыми зерттеудің әдістері және академиялық жазылым бойынша дәріс-семинарлар жүргізу, профессор-оқытушылар құрамына семинар-тренингтер өткізу және білім беру бағдарламасы бойынша рецензиялау жұмыстарын жүзеге асырады.

Шетелдік ғалым магистрлік және докторлық диссертацияларға бірлескен жетекшілік жұмыстарын жүргізу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын рецензиялау, докторанттар мен жас ғалымдарға мақалалар мен зерттеу жобаларын дайындау бойынша ғылыми семинарлар өткізіп, профессор-оқытушылар құрамымен бірлесе ғылыми басылымдарға жарияланымдар әзірлеу, ғалымдармен бірлесіп гранттық жобаларға, халықаралық ғылыми зерттеу жобаларына ұсыныстар әзірлеу жұмыстарын жүргізеді.

Сондай-ақ биылғы оқу жылында визитинг-профессорлар университеттің ғылыми-зерттеу қызметін одан әрі дамыту мақсатында бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру, мақалалар әзірлеу, жас ғалымдардың гранттық қаржыландыру жобаларына қатысу үшін кеңес береді. Докторанттар мен магистранттардың диссертациялық жұмыстарына жетекшілік жасап, университет ғалымдарымен бірге отандық және халықаралық ғылыми-зерттеу конкурстарына қатысу үшін жобалар әзірлейді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: