Польшадан қаржы пирамидасының жетекшілерінің бірі экстрадицияланды

15 Ақпан 2023, 01:10 1107

Ұйымдасқан топ мүшелері 1345 жәбірленушіге 6,3 млрд теңгеден астам шығын келтірген

Польшадан қаржы пирамидасының жетекшілерінің бірі экстрадицияланды, деп хабарлайды El.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Польшаның Әділет министрлігі Қазақстан трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында «QI Trade Kazakhstan» қаржы пирамидасын басқарғаны үшін іздеуде жүрген «К»-ны экстрадициялау туралы Бас прокуратурасының өтінішін қанағаттандырды. Ол 2018-2020 жылдар аралығында бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында қаржы пирамидасының жетекшілерінің бірі бола тұра, азаматтардың ақшалай салымдарын жалған жобаларға тартудың қылмыстық схемасын ұйымдастырып, үлкен қызығушылық төлем жасау елесін қалыптастырған деген күдікке ілінген.

Ұйымдасқан топ мүшелерінің қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде зардап шеккен 1345 жәбірленушіге 6,3 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.
Қылмыстарды жасағаннан кейін «К» қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған, сондықтан ол халықаралық іздеуге жарияланған.

Бүгін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдікті «К» қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта ол Астанадағы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жоғарыда аталған қылмыстарды жасағаны үшін ол 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кету керек, Польша алғаш рет іздеуде жүрген адамды Қазақстанға экстрадициялады, бұл біздің елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға, оның ішінде қылмыстық-құқықтық салаға деген сенімнің артқанын көрсетеді.

EL.KZ
Бөлісу: