08.02.2026
09:07
746
Польша тарапы Қытай көліктері әскер нысандарын бақылауы мүмкін деген болжам айтты

Польша тарапы Қытай көліктері әскер нысандарын бақылауы мүмкін деген болжам айтты

Еуропада қытайлық электр көліктері мен «ақылды» автокөліктердің дерек жинау мүмкіндігіне байланысты қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық күшейіп келеді. Польша билігі қытай технологиясы орнатылған көліктердің әскери аймақтарға кіруіне шектеу қою мәселесін қарастырып жатыр. Мамандар мұндай көліктердегі камералар мен түрлі сенсорлар барлау мақсатында пайдаланылуы мүмкін деп қауіптенеді.

Сarscoops.com басылымының жазуынша, бұл қадам Ұлыбританияның жуырда қабылдаған ұқсас шешімінен кейін талқыланып отыр. Бұған дейін Ұлыбритания да қытайлық электр көліктерін әскери нысандар аумағына кіргізуге шектеу енгізген болатын. Себеп - заманауи көліктерде орнатылған камера, радар, лидар және басқа да сенсорлар айналаны толық сканерлеп, маңызды деректерді жинай алады деген қауіп айтылған. 

Сарапшылар қазіргі жаңа буын көліктерін «дөңгелектегі смартфон» деп атайды. Өйткені оларда қоршаған ортаны түсіретін жоғары ажыратымдылықтағы камералар, қозғалысты бақылайтын датчиктер, 3D-карта жасайтын LiDAR жүйелері бар. Бұл құрылғылар геолокация деректерін, нысандардың орналасуын және басқа да сезімтал ақпараттарды тіркей алады.

Поляк зерттеушісі Паулина Узнаньскаяның айтуынша, ақылды көліктер деректерді өте көп көлемде жинайды және бұл барлау талдауы үшін пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан оларды стратегиялық нысандарға жақындату қауіп тудыруы ықтимал.

Польша Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал Веслав Кукула жақын уақытта қытайда жасалған немесе қытайлық технология қолданылған көліктерді елдегі барлық әскери нысандар мен оған жақын тұрақ аймақтарына кіргізуге тыйым салу жөнінде арнайы нұсқаулық шығаруы мүмкін. Польша Қорғаныс министрлігі де мұндай саясат әзірленіп жатқанын растаған.

Жоспарланған шектеу тек Қытай брендтеріне ғана емес, сонымен қатар ішінде қытайлық бағдарламалық жасақтама немесе сенсор бөлшектері бар кез келген көлікке қатысты болуы мүмкін. Олардың қатарында BYD, MG, Nio, Xpeng, Aiways секілді маркалар аталады.

Бұдан бөлек, кейбір сарапшылар мұндай шектеулер болашақта тек әскери нысандармен шектелмей, әуежайлар мен басқа да стратегиялық инфрақұрылым нүктелеріне де таралуы мүмкін екенін айтады. Алайда мұндай шешімдер Еуропаның бәсекелестік заңдарына қайшы келмеуі тиіс, әйтпесе құқықтық дау туындауы ықтимал.

Жалпы, Еуропада қытайлық электр көліктері мен цифрлық технологияларға қатысты қауіпсіздік талаптары күшейіп келеді. Бұл үрдіс алдағы уақытта автонарық пен технологиялық реттеуге жаңа талаптар қоюы мүмкін.