Польша елінен махаббатпен: Қостанайда поляк пианісінің концерті өтті

11 Қараша 2018, 01:34 1840

Қостанай қаласында талантты поляк пианисі, композитор және дыбыс режиссері Кшыштоф Кичьордың шығармашылық кеші өтті.

Бір сағаттан астам уақыт бойы көрермендер классикалық музыкаға  бойлап, ерекше әсер алды.

Сазгер авторлық туындыларынан бөлек Фредерик Шопеннің, Игнаций Феликс Добжиньскийдің, Әділжан Толықпаевтың, Александр Затаевчтің, Ян Сибелиустың және Игнаций Ян Падеревскийдің шығармаларын орындады.  

Концертті Қостанай қаласының № 1 музыкалық мектептің білім алушыларынан құрылған Violin doStar скрипкашылар ансамблі (ансамбль жетекшісі – ҚР білім беру ісінің үздігі Елена Тулупова) ашты.

«Концертті ұйымдастырған Астана қаласының «Polska Jedność» қауымдастығына және Варшава қаласындағы Адам Мицкевич институтының ұжымына алғысымызды білдіреміз», - дейді Қостанай облыстық «Надея» поляк қауымдастығының төрағасы Виктор Радомский.

Кшыштоф - әлемдегі ең көне ЖОО-ның  бірі, Варшавадағы  Фредерик  Шопен атындағы музыка  университетінің  түлегі. Көптеген ұлттық және халықаралық байқаулардың лауреаты. Белоруссия, Бельгия, Бруней, Қырғызстан, Польша, Словения, Таиланд елдерінде өнер көрсеткен. Оның музыкалық қорында поляк, қазақ, еврей композиторларының туындылары бар. Бүгінгі таңда Кшыштоф Шопен Университетінің композиция, дирижирлеу және музыка теориясының факультетінде білім алуда. 2017 жылдың 7 қарашасында Алматыда өткен пианистердің VIII Халықаралық байқауына қатысып, биыл қонақжай қазақ жеріне қайта келгеніне қуануда.

Сазгер Қостанайдан кейін Көкшетау, Қарағанды, Павлодар қалаларына жол тартады, өзінің гастрольдік сапарын Астанада Елордамыздың 20  жылдығына арналған шығармашылық кешімен аяқтайды.

«Польша елінен махаббатпен» концерті – Қостанай қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін керемет мереке болды. Кшыштофтың гастрольдік сапары біздің қаламыздан басталғандығына, бұл концертті ұйымдастырған   облысымыздағы «Надея» поляк қауымдастығының төрағасына ризамын. Аталмыш іс-шара  поляк, украин, татар және азербайжан сарындары бір арнаға тоғысқан  көпұлтты Қазақстан  халқының музыкалық талғамына сай келеді. Барлық әуендер – Ұлы Дала елінің жаңғырығы сынды, - дейді, қонаққа домбыра сыйлаған облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Бибігүл Аққожина.

Композитордың өнеріне тәнті болған «Тобыл» ФК бас жаттықтырушысы, поляк елінің маманы Марек Зуб жылы лебізін білдірді.

«Мен ұмытылмас концерт және өзіме деген құрмет үшін ұйымдастырушыларға алғысымды жеткіземін. Қостанайлықтар менің поляк ұлтының өкілі екендігімді білетіні қуантады. Өз жерлесімді мақтан тұтамын, өнеріне басымды иемін. Музыканттар да, футболшылар да егін өсіру, машина жасау сынды жұмыстармен айналыспаса да, халыққа көңіл-күй сыйлайды. Мен бүгінгі концертте орындалған әсем әуендерден ерекше әсер алдым», - деді Марек Зуб.

Бөлісу: