«Полициядан 25 рет көмек сұраған». Астаналық әйел 6 жыл бұрын ажырасқан күйеуінен қорлық көріп келеді

24 Қаңтар, 09:30 2048

Бұрынғы күйеуінің ұрып-соққанынан шаршаған астаналық Таңшолпан Керімова көмек сұрайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Әйелдің айтуынша, бұрынғы күйеуі күндіз терезесіне тас лақтырса, түнде оқ атудан тайынбайды екен. 25 рет хаттама толтырылса да, полиция "қылмыс құрамы жоқ" деген сылтаумен жауапқа тартпай отыр. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан құтыламын деп ажырасып кеткеніне алты жылдың жүзі болса да, Таңшолпан күйеуінің өктемдігін әлі күнге дейін көріп келеді. Тіпті Тараздан Астанаға қоныс аударған.

Үйімнен, жұмысымнан шыға алмай қалдым. Мұрнымды сындырғанына байланысты қылмыстық іс қозғалып, кейін тоқтап қалды. Учаскелік полицей "Ешқандай құқықбұзушылық көріп тұрған жоқпыз" дейді. "Өткенде мұрнымды сындырды ғой" десем, ол өтіп кетті ғой дейді, – дейді Таңшолпан Керімова. 

Келіншек шаңырақ көтергелі 25 рет ішкі істер органдарына жүгініпті. Айтуынша, түрлі себеппен іс жылы жабылып, құзырлы орган өкілдері хаттама толтырудан әрі аспайды. Тек бірнеше рет қансырап жатқан келіншекті көрген учаскелік полицей күйеуін 10 тәулікке қамаған.

Қайтемін, енді?! Өліп қалу керек пе?! Ешқандай құқықбұзушылық көріп тұрғанымымыз жоқ, келсе 102-ге хабарласыңыз дейді. Оның анасы бұрын ішкі істер департаментінде істеген. Таразда мен ешқандай әділдік таппадым ғой. Таразда барлық істен сол кісі құтқарып отырды. Мамасы сол жақта істегеннен кейін мен ешқандай әділдік таппадым ғой, – дейді Таңшолпан Керімова.

Абақтыдан шыққан соң бұрынғы күйеуінің ашуы тіпті үдей түскен. Не жұмысына, не далаға шыға алмай қалған келіншек қазір екі қызымен елордадағы дағдарыс орталықтарының біріне жайғастырылған.

Осындай әйелдер жиі келіп түседі. Көбінесе сол күйеулері қол көтереді. Психологиялық жәбір көрсетеді. Бұл орталықтың істегеніне 10 жыл болды ғой. Осы уақыт ішінде 2300-ден астам адам түсті. Бірақ жыл сайын адам саны көбейіп келе жатыр, – Астана қаласы дағдарыс орталығының психологы Жұлдыз Аймағамбетова. 

Алматы ауданы учаскелік полицейлері соңғы рет келгенде, әдеттегідей тек әкімшілік іс қозғап он тәулікке қамаған. Ал қылмыстық іс ашуға құрам таппайды.

Аталған факті бойынша құқықбұзушылық анықталып, Алматы ауданы полиция басқармасының уақытша ұстау бөлмесіне орналастырылды. Бұған дейін қала тұрғыны жүгініп, жанжал шығарып, оны қудалап жатқан бұрынғы жұбайына қатысты шара қабылдау туралы өтініш білдірген болатын. Полиция қызметкерлері әкімшілік іс қозғады, – деді Астана ПД ресми өкілі Гүлмира Шырахметова.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: