Полиция түнгі клубтағы жас жігіттің өлімі бойынша пікір білдірді

Полиция түнгі клубтағы жас жігіттің өлімі бойынша пікір білдірді

Елорда полициясы түнгі клубтардың бірінде болған кісі өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті «ізін суытпай» қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол өз кінәсін мойындап отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ведомство төбелес басталған кезде полицейлер клубтың ішінде болмағанын, ең жақын патруль жасақтары тек аумақтың тыныштығын қамтамасыз етіп жүргенін атап өтті. Олар оқиға орнына шақыру бойынша келген.

Полиция қызметкерлері келген кезде адамдардың көп жиналуы мен орын алған дүрбелеңге байланысты ауыр жараланғандардың бар-жоғын бірден анықтау мүмкін болмады. Дегенмен барлық қажетті шаралар қабылданды: қақтығыстың өршуіне жол берілмеді, жедел жәрдем шақырылып, оқиға орнын анықтау жұмыстары ұйымдастырылды,-делінген полиция мәліметінде. 

Сотқа дейінгі тергеу аясында оқиғаға қатысқандардың барлығының іс-әрекеттеріне, оның ішінде басқа адамдардың қатыстылығына да жан-жақты құқықтық баға берілетін болады. Сондай-ақ қылмыс құралының ішке әкелінуі мен қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты мекеме әкімшілігі мен иелеріне қатысты тексеру жүргізілуде.

Полиция қоғамды асығыс пікір білдірмеуге және тексерілмеген ақпарат таратпауға шақырады. Тергеу жалғасуда. Қылмыстық істің барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында.