15.04.2025
16:40
1657
Полиция алаяқтардың жаңа қитұрқы әрекеттері туралы ескертеді

Полиция алаяқтардың жаңа қитұрқы әрекеттері туралы ескертеді

Полиция астаналықтарды алаяқтардың жаңа қитұрқы әрекеттері туралы ескертеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Соңғы уақытта елорда тұрғындарына "Астана-РЭК" немесе "Астана су арнасы" ұйымдарының атынан хабарласып, есептегіш құралдарын ауыстыру қажет деген сылтаумен жалған қоңыраулар шалу деректері жиілеп отыр. Бұл қоңыраулардың артында – азаматтарды алдап, қаржылық шығынға ұшыратуды көздеген алаяқтар тұр. Алаяқтар алдымен тұрғыннан 1414 қызметінен келген SMS-кодты айтуды сұрайды. Осыдан кейін олар сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатқанын айтып, үрей тудыруға тырысады.

"Несие рәсімделуінің алдын алу" және "қаражатыңызды қорғау" деген желеумен олар келесідей әрекеттерді жасауға көндіреді:

  • Банк шоттарыңыздағы барлық қаражатты шешіп алып, «Ұлттық банктің резервтік шотына» аудару;
  • Атыңызға несие рәсімдеп, оны "қауіпсіз шотқа" жіберу;
  • Депозиттегі қаражатты шешіп алып, оны "арнайы қызметке" немесе "банкке" тапсыру.

Бұл — құрбанның банк картасы мен жеке деректеріне қол жеткізу үшін ойластырылған қитұрқы тәсілдер. Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, олардың атынан несие рәсімдеп немесе ақшаларын жымқыруға тырысады.