Полицейлер 3 күннің ішінде 150-ден астам киберқылмысты анықтады

13 Ақпан 2023, 11:37 1296

Елімізде «anti-fraud» жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Полиция қызметкерлері ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға, жолын кесуге және ашуға бағытталған іс-шаралар кешенін өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Үш күн ішінде 156 қылмыс ашылды. Оның ішінде қылмыстық кодекстің «Ақпаратқа заңсыз қол жеткізу», «Авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу», «Арнайы техникалық құралдарды тарату» бабы бойынша көптеген қылмыс әшкереленді.

Сонымен қатар ІТ-технологияларды пайдалана отырып жасалған 13 ұрлық анықталды. Олардың қатарында банктік шоттан ақша ұрлау сияқты қылмыстар бар.

Бұдан бөлек интернет-пайдаланушыларға қатысты 283 алаяқтық анықталды. Бұған онлайн тауарлық және тұтынушылық кредиттерді рәсімдеу, кредиттерді рәсімдеу бойынша қызметтер көрсету туралы хабарландыруды орналастыру және тағы да басқа қылмыстарды жатқызуға болады.

Мәселен Жамбыл облысының полиция қызметкерлері интернет-алаяқтық сериясына күдікті 20 жастағы Шымкент тұрғынын ұстады. Белгілі болғандай, жігіт Instagram-дағы жалған аккаунтын ашып, жәбірленушілерге банктегі несиелерді төмен пайызбен қайта қаржыландыруға уәде беріп, оларға біреудің жеке куәлігін жіберген.

Қазіргі уақытта күдіктінің 5 интернет-алаяқтық жасауға қатысы бар екені дәлелденді. Оған қоса операция кезінде 154 лицензияланбаған диск пен флэш-диск тәркіленді. Оларда жалған фильмдер, музыка және лицензияланбаған Windows бағдарламалық жасақтамасы анықталды.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: