Пневмонияның маңызды 11 белгісі

2 Сәуір 2020, 15:53 38647

Бұл сырқаттан толық айығуға жарты жыл кетеді

Коронавирустың әлемді апанына түсірген тұсында пневмония дерті туралы сөз қозғамақпыз. Себебі, дәл осы сырқаты бар жандар төрткүл дүниені тығырыққа тіреген вирустың құрбанына айналып жатқан секілді. Алдымен, пневмонияның анықтамасына тоқталсақ.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау ұлттық орталығының жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің маманы Нұрбала Бақтиярқызы:

– Альвеолдарды зақымдайтын өкпе тіндерінің қабынуын пневмония деп атайды. Оны тудырушы негізгі себеп пневмококк инфекциясы, қоздырғышы – пневмококк боп табылады. Сырқаттың басталуының бірнеше белгілері бар. Олар: дене қызуының жоғарлауы, кеуде тұсының ауруы, қақырықтың көптеп бөлінуі, жөтел және тағы басқалары. Ал диагностиканың әдісі флюорография-өкпенің рентгенографиясындағы қара жарықтар, сонымен қатар қақырық дақтары болуы ықтимал, – дейді.


Жалпы, өкпенің қабынуын анықтау қиынға соғады. Себебі, Н.Бақтиярқызы өз сөзінде айтып кеткендей оның белгілері тұмаумен сәйкес келеді. Біз осы мақаламызда қашан жедел жәрдем шақыруды, тұмау мен пневмонияны қалай айыру керектігін, пневмонияны емдеу жолдарын және алдын алуын айтатын боламыз.

Сонымен, қашан жедел жәрдем шақыру керек?

Кейде індет жұқтырған өкпе тіні ағзаны жеткілікті оттегімен қамтамасыз ете алмайды. Соның кесірінен жүрек-қан тамыр жүйесі мен басқа да өмірімізге қажетті ағзалар, оған қоса ми қатты зардап шегіп жатады. Мұндай пневмонияны ауыр деп бағалайды. Бұл сәтте міндетті түрде жедел жәрдемге хабарласу қажет. Сол сияқты қарапайым тұмауға мына белгілер қосылса да 103-ті терген жөн.

- Тыныс алу минутына отызға дейін көтерілсе (бір дем алу 2 секундта не одан жиі орын алса);

- Систолалық (жоғары) қысым 90 мм рт.ст.-ға дейін түссе;

- Диастоликалық (төменгі) қысым 60 мм рт. ст.-дан төмендесе;

- Науқастың есі кіресілі-шығасылы күйде болып, ол өзіне қойылған сұрақтарға жай жауап берсе, кеңестікте қиын қозғалса медициналық көмекке жүгіну керек.

Ілгеріде біз суық тию мен пневмонияның айыруда қиындықтар туындайтынын айтқан едік. Расында да,

...суық тию мен пневмонияны қалай айыруға болады?

1. Сіздің жағдайыңыз алдымен жақсарды да, сосын бірден нашарлай бастады

Пневмония көбінесе жоғары тыныс алу жолдарының ауруынан кейін дамитынын білесіз бе? Бұл жиі кездеседі. Алдымен, сіз тұмау немесе ЖРВИ-ді жұқтырасыз. Сіздің ағзаңыз инфекциямен күресіп жатқанда жұтқыншақтағы вирус немесе бактерия өкпеге жол тартады. Бірнеше күнді араға салып сіз тұмаудың белгілерін артта қалдырасыз, дене қысымы, жөтел, бас ауруы төмендей бастайды, сізге жеңіл болады.

Алайда, өкпеге түскен вирус пен бактерия көбейе түседі. Бірнеше тәуіліктен соң шаршаған иммун жүйесі қабынуды бір-ақ аңғарады да, «долдана» реакция береді. Бұл былайша көрініс табады: әлгі суық тию симптомдары қайта басталып, алдыңғысынан да сұмдық ауыр тие бастайды.

2. Дене қысымыңыз 40°С-тан жоғары

Қызу көтерілуі қарапайым тұмаумен салыстырғанда өкпенің қабынуында өте жоғары болады. ЖРВИ кезінде дене қысымы 38 °С-ге дейін жетсе, суық тиюде ол 38–39 °С-ға барады. Ал пневмония дене температурасын 40 °С не одан да жоғарылатып, өзінен хабардар етеді. Бұл кезде адам көбінесе қалтырауы мүмкін.

3. Сіз көп терлейсіз

Үйдің іші соншалықты ыстьқ болмағанына қарамай және сіз қимыл-қозғалыссыз-ақ ақ тер көк терге түссеңіз, пневмонияның белгісі деп біліңіз. Тер осылайша дене қысымын түсіруге тырысып жатыр деген сөз.

4. Сіздің тәбетіңіз мүлдем жоғалып кетті

Тәбет сырқаттың ауырлығымен байланысты болып отыр. Жеңіл суық тию кезінде адамның асқорыту жүйесі сол баяғыдай жұмыс істей береді – адамның қарны ашып, тамақ іздейді. Ал ауыр жағдайларда адам ағзасы барлық күш-жігерін инфекциямен күреске жұмсайды. Осылайша, асқазан-ішек жолы энергияны ас қорытуға кетіремес үшін уақытша жұмысын тоқтата тұрады.


5. Сіз жиі жөтелесіз

Ауру басталғандағы уақытпен салыстырғаннан да жиірек жөтеліп жүрсіз. Пневмония кезіндегі жөтел құрғақ та, ылғал да бола береді. Ол тыныс алу жолдары мен өкпенің тітіркенуінен хабар беріп тұр.

6. Жөтел кезінде кейде ылғалды байқасыз

Пневмония кезінде альвеолдар – тыныс алғанда ауаны сіңіріп алатын өкпедегі кішкентай көпіршіктер – сұйықтық немесе іріңмен толып қалады. Осы нәрседен арылу үшін ағза адамды жөтелуге итермелейді. Сол себепті ол сары, жасыл, қоңырқай түске боялуы мүмкін.

7. Кеуде тұсыңыз шаншып ауырады

Жөтелген кезде немесе терең демалғанда көкірек тұсыңыздан ауырлықты байқайсыз. Бұл белгі өкпенің бірінің немесе екеуінің де ісінгенін білдіреді. Үлкейген ағза айналасындағы жүйкенің аяқталған тұстарына кедергі келтіре бастайды, соның кесірінен ауру сезімі пайда болады

8. Тез демігіп қала бересіз

Демікпе – сіздің ағзаңызға оттектің жетіспеуінен хабар береді. Егер тыныс алуыңыз жиілесе, тіпті келесі бөлмеге өтудің өзі қиындық тудырса, бұл өкпедегі проблемадан туындап тұрған жайт.

9. Жүрек соғысы жиіленеді

Ересек адамдарда жүрек соғысының қалыпты жағдайы – минутына 60-100. Жалпы, әр адамның өзіне тән қалыпты жүрек соғысы бар (оны біліп жүру керек). Мәселен, сізде қалыпты жағдайда жүрек соғысы минутына 80-нен аспаса, ал қазір жүзден де жоғарылып кетсе, алаңдауға себеп деген сөз. Бұл жүрек амалсыз қанды барлық ағзаға тезірек таратып жатыр дегенді білдіреді. Өкпе қабынуынан оттектің жетіспеуі – пневмонияның бір белгісі деп біліңіз.

10. Сіз өзіңізді шаршаңқы сезінесіз

Бұған себеп ілгерідегі оттектің жетіспеуі болуы мүмкін. Сол себепті ағза сіздің белсенділігіңізді төмендетіп, миға күшіңіздің аз екені туралы сигнал жіберуі ықтимал.

11. Ерініңіз бен тырнақтарыңыз көгеріп жатыр

Бұл тағыда қандағы оттектің аз болуынан туындайтын анық белгі.

Егер сіз пневмонияның белгілерін байқасаңыз, не істейсіз?

Егер өзіңізден біз жоғарыда айтып кеткен анық белгілерді байқайтын болсаңыз жылдамдатып терапевт немесе пульманологтың қабылдауына барыңыз. Бұл сізде пневмония дегенді білдірмеуі мүмкін, бірақ қаупі жоғары симптомдар.

Қауіп-қатер тобындағылар міндетті түрде дәрігерге қаралуы қажет. Олар: алпыс жастан жоғарылар және екі жастан кішілер; созылмалы өкпе, астмасы барлар, қант диабетіне шалдыққандар, бауыры ауыратындар, бүйрегінде проблемасы барлар, жүрек-қан тамыр жүйесі қалыпты жұмыс жасамайтындар; шылым шегетіндер; иммунды жүйесі әлсіреген жандар (бұл қатаң диета ұстағанда, арықтағанда, АИТВ, химитерапиядан өткендер, әртүрлі дәрілер қабылдағанда болады).

Пневмонияның қалай емдейді?

Бірінші кезекте өкпенің қабынуын антибиотиктер арқылы емдейді және дәрігер қабынуға қарсы препараттар жазып береді. Маңыздысы сол жазып берген препараттарды уақытында ішіп, берілген курсты түгелдей қабылдау. Жақсарғаныңызды байқай сала дәрілерді қабылдамай қоюға болмайды. Инфекцияны жою оңай емес! Сонымен қатар дәрігер қақырықты түсіретін жолдарды да айтуы мүмкін.


Екінші кезекте пневмония төсек режімінде емделеді. Яғни, науқас тек жатып, жылы сұйықтықты (шай, компот) көп ішуі керек. Пневмония кесірінен тыныс алу органдары өз жұмысын дұрыс атқара алмайды: олар ауаны тазарта алмайды, жылытпайды және ағзаны микробтардан сақтай алмайды. Сол себепті науқастың бөлмесінде шаң соратын кілем, ауыр перде, жұмсақ ойыншықтар, ашық кітап сөрелері болмауға тиіс.

Науқас жұтып жатқан ауаны бақылауда ұстаудың маңызы зор!

Әр күні еденді жуып, шаңды сүртіп отыру керек. Негізі, ауаны ылғалдандыратын арнайы құрылғыны сатып алған дұрыс. Ауа ылғалдылығы – 40-60%-ды құрау керек. Күніне бірнеше рет бөмені желдетіп отыру қажет. Бұл ауаны дезинфекциялаудың бір жолы болып табылады.

Бөлме қысымы тым ыстық болмасын, себебі ыстық ауа тыныс алу жолдарын тітіркендіреді. Науқас аздап айыға бастағанда тыныс алу гимнастикасын жасап, массаж бен физиотерапииялық процедураларға баруға болады.

Пневмониямен қалай ауырмауға болады?

Біздің жұтып жатқан ауа сапасының жақсы болуы пневмониядан сақтайды. Егер сіз өнеркәсіпті ауданда, тар үйде тұрсаңыз немесе өзіңіз, жақындарыңыз темекі тартатын болса, осы аурудың алдын алып жүру керек.

Пневмония әлсіз ағзаға жабысады, сол үшін салауатты өмір салтын сақтанып, кез келген сырқаттың алдын алыңыз. Оның басқа аурудың асқынуынан пайда болатынын айттық, сол себепті тұмау, суық тию, ЖРВИ секілді сырқаттардан айығып, соңына дейін толыққанды күресу керек.

Саттар Ералиев, пульмонолог дәрігер: «Алдымен суық тиюден сақтану керек. Суық бірден пневмонияны шақырмайды, бірақ ол иммунитетті төмендетеді. Мысалы, адам суықта бір сағат бойы аялдамада тұрып қалса ішіне түскен микроб ауруды шақыруы мүмкін. Сол ағзаға түскен микроб адам жылы жерде тұрса, ондай қауіпті дертке апармайды. Екіншіден, ЖРВИ-ден сақтанған абзал. Медициналық маска киюдің де пайдасы бар. Бірақ оны жиі ауыстыру керек. Көп адамдар ЖРВИ түшкіргенде жұғады деп ойлайды, негізінде ол қол алысу кезінде келесі адамға өтеді. Үшіншіден, вакцинация. Жалпы, қант диабеті адамдарды қауіп-қатер тобына алып келуші. Ондай жандар суық мезгілде барынша күтінгендері дұрыс» – дейді.

Тағы да:

- Егер сіздің қызуыңыз 38,5 °С-тен жоғары болмаса ыстық түсіруші қабылдамай-ақ қойыңыз, одан да үйде қалып, демалғаныңыз жөн.

- Егер жөтел болса, жөтелге қарсы барлық препараттарды қабылдамаңыз, жөтел – ағзаның қорғаныс реакциясы. Оның көмегімен қақырық сыртқа шығады (алайда, жөтеліңіз құрғақ болса, дәрігермен кеңесу керек)

- Егер сіздің мұрныңыз бітеліп, тамағыңыз ауырып тұрса, қоғамдық көліктерде, ыстық офистерде қиналмаңыз. Адам көп жерде ол өрши түседі. Тыныс алу жолдары мұндай кезде қорғаныс функциясын дұрыс атқара алмайды, қосымша инфекция жұқтыру қаупі басым.

- Егер ЖРВИ-ге соншалықты көңіл бөлу қажет емес деп тапсаңыз, пневмониядан кейін ағза қалыпқа келу үшін жарты жыл уақытты талап ететінін еске түсіріңіз.

Ауру-сырқаудан аман болайық!

Назар аударыңыз! Бұл материалдағы мәліметтер тек қана ақпараттық танымдық мақсатты көздейді. Мұнда айтылғандар кәсіби дәрігер-маманның консультациясын алмастыра алмайды. Ол диагностика немесе емдеу емес. Өзін-өзін емдеу денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері көріне бастағаннан дәрігерге көрінуіңізді сұранамыз!


(Суреттер pixabay.com сайтынан алынды)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: