Плюрализм – Исламның ажырамас бөлігі

17 Тамыз 2022, 11:24 5018

Философия ғылымдарының докторы Бахытжан Сатершиновтың пікірінше, плюрализм жай ғана алуантүрлілікті қабылдау немесе мойындау емес, осы көп түрлілікпен етене араласу, барыс-келіс жасау.

Исламдағы және Құран құндылықтарының ішіндегі түсіністік, бауырмалдық яғни плюрализм туралы профессор, философия ғылымдарының докторы Бахытжан Сатершинов пікір білдірді.

Плюрализмнің жалпы қабылданған түсінігіне келсек, ол жай ғана алуантүрлілікті қабылдау немесе мойындау емес, осы көп түрлілікпен етене араласу, «барыс-келіс жасау». Яғни плюралистік орта немесе қоғам қалыптастыру үшін «басқаларды» қабылдау және мойындау жеткілікcіз, олармен қоян қолтық араласу керек. Бұның алғышарты көпұлтты және көп конфессиялы әлемде әр түрлілікті хош көріп қабылдай отырып, алуан түрлі қоғам топтарының бірін-бірі жақсы тани білуі керек. Плюрализм жүйелі сұхбатқа ұмтылу үрдісі болып табылады. Плюрализмге бет бұру – тұлғаның өзіндік бет-болмысы мен кескін-келбетін айқындайтын, қадір-қасиеті мен оның стандарттарының жоғарылауына бағытталған қадам.

Құранда және хадистерде плюрализм хақында нақты терминдердің болмауы көптеген мұсылмандарда діни плюрализм түсінігі Батыстың зайырлы релятивизмінен бастау алады деген ойды туғызады. Дегенмен, мұның ислам қайнаркөздерінде айтылғандығына күмән жоқ. Алайда мұсылмандардың плюрализм мәселесінде Исламдағы қағидаттарды терең түсіне алмауынан тәкфири (мұсылмандарды кәпір немесе ширк қосушылар деп атау) ағымдар белең алып кетті.

Адамзат өркениетінің барлық көрінісіндегі мәдени, саяси, діни және экономикалық плюрализмі Құдайдың адамдар үшін жасаған мақсатты әрекеті дей аламыз. Плюрализмнің Құрани құндылықтардың ажырамас бір бөлшегі екеніне мына аяттар дәлел: «Егер Алла қаласа, барлығыңды (бір шариғатпен жүретін) бір ғана үмбет қылар еді…» (5:48) және «Әр қауымның бет бұратын құбыласы, ұстаған жолы һәм көздеген мақсаты бар» (2:148). Сонымен қоса, Исламның өзге дін өкілдеріне жолдаған ең ұлы үндеуін Құранның мына аятынан біле аламыз: «Уа, кітап иелері! Қане, бізге де, сендерге де ортақ болған арамыздағы cөзге келейік...» (3:64). Бұл аят арқылы барлық діндер өкілдері бөлінулерін доғарып, үлкен бір шаңырақ астында мәмілеге келе алатындығын баяндайды.

Көпшілікке мәлім Құрандағы «Лә икраха фи-дин» - «Дінде зорлық жоқ…» (2:256) деген аят жай ғана философиялық тұжырым негізінде емес, адамзат үшін ең маңызды құндылық және іс жүзінде қолданыста болуы шарт амал ретінде қаралуы тиіс. Аталған аятқа ұқсас тағы бір мәдиналық аятта мәжбүрлеп бет бұрғызбау жайлы пайғамбар Мұхаммедке (с.ә.с.): «...Сенің міндетің – ақиқатты айтып жеткізу ғана» (3:20) делінеді.

Құранның табиғи әр алуандылық пен мәдени плюрализмді қолдайтынын мына аяттан да көре аламыз: «Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен реңдеріңнің әр алуан болғандығы да Оның ап-айқын дәлелдерінің бірі» (30:22). Сондай-ақ Құранда әр пайғамбарды қауымдарына ақиқатты ашып түсіндірсін деп, тек өз қауымының тілінде сөйлейтін етіп жіберілгенін айтады (14:4). Хұджырат сүресінде де: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік» (49:13). Бұл аяттың тәпсірін заманауи ислам ғұламалары: «ұлыстар мен руларға бөлінудегі мақсат біріңді-бірің жек көріп, дұшпан болу емес, керісінше біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің үшін болса керек», деп түсіндіреді.

Толеранттылық пен плюрализм мұсылмандар үшін Исламның ажырамас бөлігі болып табылады. Шын мәнінде Құран әр алуандылық пен айырмашылықтарға, көпшілдік пен әмбебаптылыққа кең ауқымды әрі терең мағыналы көзқарас қалыптастырады. Өкінішке орай, Құранның жанжақтылығы (әмбебаптығы) мен кең ауқымдылығын елемейтін мұсылмандар мына аяттарды дәлел ретінде келтіріп, пейішке тек мұсылмандар ғана кіреді дейді: «Алланың құзырында қабыл болатын хақ дін – Ислам» (3:19). «Кімде-кім Исламнан басқа бір дін іздесе, ол дін әсте қабыл болмайды. Сөйтіп, ол ақиретте зиян шегетіндердің қатарында болады» (3:85). Алайда Құранның соңғы аудармаларында мұндағы «Ислам» сөзін діннің атауы ретінде емес, оның кіші әріппен жазылуы барысында «Аллаға мойынсұну және бағыну» ретіндегі етістік мағынасында қолданады (мысалы, Абдель Халемнің «Құранның жаңа аудармасы» Оксфорд, 2004).

Барлық мұсылман ғалымдары, саяси көшбасшылар және азаматтық қоғам құрылымдары бір ауыздан Құранның плюралистік үндеуін ерекше атап көрсетіп және түсіндіріп, мұсылмандар арасында кең етек жайған кері итеруші эксклюзивистік ұстанымдарды қатты сынға алғаны жөн. Құранның плюралистік үндеулерін елемей және оған құлақ аспағандығының салдарынан кейбір экстремистік топтардың мұсылмандар жайлы, басқа дін өкілдері мен тіпті бүкіл елдер жайлы анахрондық стереотиптерді қолдануына және Ислам эсхатологиясындағы (қиямет жайлы білім) бұрмаланған экстремистік түсініктерін зұлымдық түрінде жайылуына жол берілуде. Осындай қатыгездіктердің бастауының бәрі Құран құндылықтарының ішіндегі плюрализмді меңгермегендік болып саналады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: