"PISA-ны атап өту қажет". Жұлдыз Сүлейменова білім сапасын қалай арттыру керегін айтты

13 Желтоқсан 2023, 12:36 1486

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Шын мәнісінде, PISA-2022 халықаралық зерттеулерінің нәтижелеріне сәйкес, Қазақстандық оқушылар математикалық сауаттылықтан 425 балл жинақтап, Греция, Румыния, Біріккен Араб әмірліктері оқушыларымен тең түсті. Оқу сауаттылығынан 386 балл жинақтап, Малайзия, Сауд Арабиясы оқушыларымен тең білім сапасын көрсетті. Жаратылыстану бағытында зерттеудің 2018 жылғы нәтижелерімен салыстырғанда, көрсеткіштері +26 балға жоғарылады. Бастысы, пандемияның салдарынан ОЭСР елдерінің басым көпшілігі едәуір білім сапасы бойынша ұпайларын жоғалтса, елімізде алға ілгерілеу бар екендігін, оның ішінде математика 54 орыннан 46 орынға және жаратылыстанудан 69 орыннан 49 орынға көтерілгендігімізді атап өту қажет, - деді ол.

Мәжіліс депутаты мұндай жақсы динамикалық көрсеткіш Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім беру саласындағы кешенді, жүйелі және ауқымды реформаларының нәтижесінде мүмкін болғанын атап өтті.

Мысалы, «ҚР Педагог мәртебесі туралы» алғаш рет Заң қабылданды, ұстаздарымыздың мәртебесі заңмен бекітілді, педагогтерді артық тексерулерден, қызметіне тән емес жұмыстардан босатты. Соңғы төрт жылда педагогтердің еңбекақысы екі есеге арттырылды, біліктілік санаттары үшін үстемақы 30% дан 50% дейін ұлғайтылды. Мектеп бітіруші ең үздік түлектер «Педагог» мамандығын таңдайтын болды, бұған дейін педагог мамандығына оқуға түсудің орташа балы 55 балл болса, биыл орташа балл 110 баллға дейін жетті, болашақ мұғалімдердің шәкіртақысы басқа мамандықтардан едәуір көтерілді. Мұның барлығы, сөзсіз еңбек нарығындағы мұғалім мамандығына тартымдылықты арттырып келеді, - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Депутат мынадай ұсыныстарын атап өтті:

Бірінші. Қол жеткізген нәтижені арттыруға арнайы шаралар жоспары қабылданып, барлық педагогикалық қауымдастықпен талқылануы шарт. PISA зерттеулерінің нәтижелерін Оқу-ағарту министрлігі толығымен талдап, сараптама нәтижесінде «қатемен жұмыс» нақты әдістемелік ұсыныстарды әзірлеп, оны педагогтарымыз әрі қарай жұмыстарында пайдалануы өзекті. PISA рейтингісіндегі алдынғы қатарындағы Сингапур, Гонконг, Кореяның білім мазмұны және білім жүйесі зерделеніп, озық тәжірибелерді енгізу мүмкіндіктері қарастырылсын.

Екінші. Оқу сауаттылығы бойынша жалпы Үкімет кітапхана, кітап оқу, оқуға құштар мектеп деген жобаларын кешенді негізде сапалы жүзеге асыруға мән беру қажеттігіне тағы да көңіл аударамыз. Кітапхана жұмысының жаңа мазмұны мен кітапханашылар мәртебесін арттыру жұмысы жүзеге асырылсын. 

Үшінші. Мұғалімдердің мәртебесін әрі қарай қолдауға, әрі қарай арттыруға нақты шаралар қабылдануы қажет. Педагогтардың кәсіби дамуы және біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіруді қолға алу кезек күттірмейтін міндет деп ойлаймыз.

Төртінші. Дамыған мемлекеттер оқу бағдарламаларының мазмұнын 4-5 жылда өзгертіп, өңдеп, жетілдіріп тұрады. Білім мазмұнын қазіргі жасанды интеллект заманын талаптарына сай өзгертуге байланысты, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына өзгеріс енгізу қай деңгейде? Келесі оқу жылында енгізіліп бастала ма? Нақты жоспар бекітілуі тиіс. 
 
Бесінші.  Оқушылардың оқу жетістіктерін мониторингілеуге – тәуелсіз сыртқы бағалау ретінде тиісті қаражат бөлініп, оның сапалы, әділ, ашық өтуіне министрлік нақты шаралар қабылдауы кезек күттірмейтін мәселе. Білім сапасын бағалаудың Ұлттық жүйесін құру бойынша кешенді шаралар қабылдануы шарт.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: