PISA-2025: қазақстандық оқушылардың 80%-ы сабақта жасанды интеллект қолданады

PISA-2025: қазақстандық оқушылардың 80%-ы сабақта жасанды интеллект қолданады

Назерке Чакирбаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстандық оқушылардың жаратылыстану және оқу сауаттылығы бойынша нәтижесі PISA-2022 деңгейінде қалды. Бірақ жаңа зерттеуде назар аударарлық басқа деректер бар: оқушылардың 80%-ы сабақта жасанды интеллект көмегімен әзірленген материалдарды пайдаланады, 77%-ы буллинг мәселесін айтпаған, ал 71%-ы мектеп өзін алдағы өмірге дайындап жатыр деп есептейді. PISA-2025 Қазақстан мектептері туралы тағы не көрсетті?

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижесін жариялады. Қазақстаннан оған еліміздің барлық өңіріндегі 643 білім беру ұйымынан 22 680 жасөспірім қатысты.

Зерттеу 2025 жылдың мамырында жүргізілген. Жалпы PISA-2025 әлемнің 91 елі мен аумағындағы 15 жастағы 760 мыңнан астам оқушыны қамтыды.

Нәтиже үш жылда айтарлықтай өзгермеген

PISA-2025-тің негізгі бағыты жаратылыстану сауаттылығы болды. Қазақстандық оқушылар бұл бағытта орта есеппен 420 балл жинады. Математикадан нәтиже 414 балл, ал оқу сауаттылығынан 385 балл болды.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаратылыстану және оқу сауаттылығы бойынша көрсеткіштер PISA-2022 деңгейінде сақталған. Жаратылыстану нәтижесі 2018 жылғы көрсеткіштен жоғары болғанымен, оқу сауаттылығында ұзақ мерзімде елеулі өзгеріс байқалмаған. Яғни PISA-ның жаңа циклі бұл екі бағытта күрт өсім көрсеткен жоқ.

Бірақ биылғы зерттеудің қызығы тек үш пәннен жиналған балда емес. PISA оқушылардың қандай ортада білім алып жатқанын, мұғалімнен қаншалық қолдау көретінін, мектеп өзін қауіпсіз сезінуге мүмкіндік бере ме және цифрлық технологиялар оқу үдерісіне қалай еніп жатқанын да зерттеген. Осы тұста Қазақстанның нәтижелері өзгеше көрінеді.

Әр бес оқушының төртеуі ЖИ көмегімен жасалған материалмен оқиды

PISA-2025 зерттеуіне алғаш рет «Цифрлық әлемде білім алу» бағыты енгізілді. Мұнда оқушының цифрлық ортада жаңа білімді өз бетімен меңгеріп, тапсырмаларды орындай алу қабілеті бағаланады.

Қазақстан бойынша шыққан көрсеткіштің бірі ерекше назар аудартады. Аталған нәтиже  оқушылардың 80%-ы сабақта жасанды интеллект көмегімен әзірленген материалдарды пайдаланатынын көрсеткен.

ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш орта есеппен 63%. Демек, зерттеуге қатысқан қазақстандық әр бес оқушының төртеуі ЖИ көмегімен жасалған оқу материалдарымен кездеседі.

Электронды құрылғыларды пайдалануды реттеу жағынан да айырмашылық бар. Қазақстандық қатысушылардың 85%-ы мұндай құрылғыларға қатысты пәндік талаптар мен нұсқаулықтар бар мектептерде білім алады. ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіш – 71%.

Оқушылар мектептегі жағдайды қалай бағалады?

PISA-2025-тегі тағы бір назар аударарлық тұс – қазақстандық оқушылардың мектеп ортасына берген бағасы. Олардың 77%-ы буллингке байланысты мәселеге тап болмағанын айтқан. ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіш – 53%.

Оқушылардың 71%-ы мектеп алдағы өмірге қажетті дайындық беріп жатыр деп есептейді. ЭЫДҰ елдерінде мұндай пікір білдіргендердің үлесі 51%.

Айырмашылық мұғалім қолдауына қатысты көрсеткіштен де байқалады. Мұғалім тарапынан көрсетілетін қолдау индексі Қазақстанда 0,65 болса, ЭЫДҰ елдеріндегі орташа деңгей 0,03 болған.

Ал бір-бірінен үйрену көрсеткіші қазақстандық оқушылар арасында 87%-ға жеткен. ЭЫДҰ бойынша ол – 51%.

Осылайша, академиялық нәтижеде айтарлықтай өсім байқалмағанымен, қазақстандық оқушылар мектептегі орта мен қолдауға қатысты бірқатар көрсеткіш бойынша ЭЫДҰ ортасынан жоғары нәтиже көрсеткен.

Оқушылар өз қабілетін дамытуға сенеді

Зерттеу баланың өзінің білім алу мүмкіндігіне қалай қарайтынын да бағалаған. Қазақстандық оқушылардың 75%-ы адамның қабілеті мен ойлау дағдыларын дамытуға болады деп есептейді. ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіш – 69%.

Когнитивтік қабілет индексі Қазақстанда 0,21 болса, ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш 0,01 болған.

Оқу-ағарту министрлігі бұл нәтижелер оқушылардың жаңа тәсілдерді меңгеруге және технологиялық өзгерістер жағдайында түрлі міндетті шешуге дайындығын көрсететінін атап өтті.

Сонымен қатар қазақстандық оқушылар экологиялық мәселелерден хабардар болу, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және экологиялық бастамаларға қатысуға дайындық жағынан да ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішінен жоғары нәтиже көрсеткен.

Министрлік мектептегі қауіпсіздік пен тәрбиеге қатысты нәтижелерді «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасымен, ал экологиялық бағыттағы көрсеткіштерді «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасымен байланыстырады.

Жақсы көрсеткіштердің ар жағында қандай мәселе бар?

PISA-2025 нәтижесінен екі түрлі көріністі байқауға болады. Бір жағынан, қазақстандық оқушылар мұғалімнің қолдауы, мектептегі орта, бір-бірінен үйрену және болашаққа дайындық сияқты көрсеткіштер бойынша ЭЫДҰ ортасынан жоғары нәтиже көрсеткен.

Екінші жағынан, жаратылыстану және оқу сауаттылығы бойынша нәтиже PISA-2022 деңгейінде қалған.

Оқу-ағарту министрлігі де білім жүйесінде шешімін күткен мәселелер бар екенін атап отыр. Соның ішінде өңірлер мен мектептер арасындағы алшақтықты азайту, оқушылардың негізгі білімі мен дағдыларын нығайту және сабақ беру сапасын арттыру қажет.

Зерттеу нәтижелері енді егжей-тегжейлі сараланады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы мен Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы осы талдау негізінде тиісті ұсынымдар әзірлемек.

Айта кетейік, PISA – 15 жастағы оқушылардың мектепте жаттаған ақпаратын емес, алған білімін өмірлік жағдайда қаншалық қолдана алатынын бағалайтын халықаралық зерттеу. Сондықтан оның нәтижесі тек оқушының қанша балл жинағанын емес, елдегі білім беру жүйесінің қай тұсы алға жылжып, қай бағытта мәселе сақталып отырғанын да көрсетеді.

Оқи отырыңыз

{