Атақты суретші Пабло Пикассоның «Гитарасы бар натюрморт» атты картинасы Испанияның Гранада қаласында өтетін көрмеге жеткізу барысында із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл туралы Granada Hoy газеті хабарлады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Туындының жоғалғаны барлық экспонаттар көрме залына орналастырылғаннан кейін ғана анықталған.
25 қыркүйекте картина басқа жұмыстармен бірге қоймаға қойылып, көрмеге жіберуге дайындалған болатын, – делінген басылым материалында.
Журналистердің мәліметінше, Пикассоның туындысы Мадридтен Гранадаға жеткізілер алдында бірнеше күн қоймада сақталған. Экспонаттар жолда Дейфонтес елді мекенінде түнеген. Тасымалдау кезінде қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілгеніне қарамастан, полиция картинаның нақты қай сәтте жоғалғанын анықтай алмай отыр.
Көрмені ұйымдастырған CajaGranada қорының өкілдері барлық өнер туындылары жүк көлігінен сәтті түсірілгенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, тасымал бейнебақылау арқылы қадағаланып отырған, ал көрме менеджері мен көлік компаниясының қызметкері экспонаттарды бірге тексеріп, бәрі орнында екенін растаған.
Алайда кейін белгілі болғандай, дәл осы сәтте «Гитарасы бар натюрморт» жоғалып кеткен. Картина 600 мың еуроға сақтандырылған.
Қазіргі уақытта испан полициясы туындының қайда кеткенін анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.