ПІБ МО ауруханасы дәрігерлері бір жылда он мыңнан астам күрделі операция жасады

13 Қаңтар, 16:32 204

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының дәрігерлері инновациялық технологияларды қолдана отырып, күн сайын адам өміріне араша болады. Олар заман көшінен қалмай білімін жетілдіріп, науқастарға ең сапалы, ең тиімді емдеу тәсілдерін ұсынуға тырысады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл Аурухананың Ядролық медицина орталығында Қазақстанда алғашқы болып ПЭТ және КТ зерттеулеріне арналған 3 радиофармпрепарат енгізілді. 18F-FLT – сүт безі қатерлі ісігі, өкпе рагі, меланома және лимфопролиферативтік ауруларды, 18F-FET – мидағы ісікті, ал 68Ga-FAPI радиофармпрепараты асқазан-ішек жолдарындағы, өкпе, бауырда пайда болып келе жатқан қатерлі өскінді ерте кезеңде анықтауға арналған. Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет сүйек метастазын емдеуге арналған «Самарий, 153sm-Оксабифор» радиоизотопы енгізілді.

Бір жыл ішінде орталықта 11 672 ПЭТ-КТ және 411 БФЭКТ/КТ зерттеуі жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40% артық.

Дербестендірілген геномдық диагностика орталығы Қазақстанда алғашқы болып Даун синдромын жүктіліктің 10-аптасынан бастап 99% дәлдікпен анықтауға болатын тест енгізді. Британиялық Yourgene Health компаниясы шығарған пренаталдық тест ананың қан үлгісі арқылы ұрыққа дәл және қауіпсіз зерттеу жасауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдің арқасында хромосомалық ауытқушылықтары бар балалардың өмірге келуі 15–20% азайып, нәресте өлімі, олардың мүгедек болып туу қаупі, сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеме де төмендейді.  

ҚР ПІБ МО ауруханасы медициналық туризмді дамыту мақсатында шетелдік пациенттерге арналған «Health is Here» бағдарламасын жолға қойды. Бағдарлама аясында шетелдік пациенттер Ауруханаға өтініш тастап, сала мамандарынан кеңес алып, емін жоспарлай алады. Сонымен қатар емдеу басталғаннан еліне оралғанға дейін науқасқа қолдау көрсетіледі. Бағдарлама арқасында ҚР ПІБ МО ауруханасы биыл мыңға жуық шетелдік туриске медициналық көмек көрсетті. Олардың қатарында Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан сынды ТМД елдерімен қатар, АҚШ, Қытай, Түркия, Германия, Англия, Польша, Канада сынды алыс шетелден келген науқастар да бар.

Тағы бір ерекше атап өтетін жағдай – ҚР ПІБ МО ауруханасы кезекті рет ұлттық аккредиттеудің жоғары санатына ие болды. Аурухана жоғары санатты иелене отырып медициналық қызмет, инновациялық тәсіл мен ұжымның кәсібилігі жоғары дәрежеде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Аталған кезеңде Ауруханада 23 мыңнан астам пациент ем алды. Оның ішінде 6104 адам міндетті медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша дәрігерлердің көмегіне жүгінсе, 7757 адамға ақылы негізде медициналық көмек көрсетілді. Пациенттер арасында кардиология, терапия және оториноларингология бөлімдері сұранысқа ие.

Сонымен қатар, Аурухананың білікті дәрігерлері бір жыл ішінде он мыңнан астам күрделі операцияны өткізді. МӘМС шеңберінде 4511 ота жасалса, 2393 пациент ақылы негізде операция үстеліне жатты. Атап айтсақ оториноларингология және көз микрохирургиясы, урология, проктология және гинекология бөлімінің дәрігерлері жиірек адам өміріне араша болған.

ҚР ПІБ Медорталығы ауруханасы халыққа сапалы медициналық көмек көрсету, жаңа технологияларды меңгеру және дәрігерлердің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында мамандарын тұрақты түрде оқытып, халықаралық конференциялар мен семинарларға жіберіп отырады. Сонымен қатар Аурухананың инфрақұрылымы жыл сайын жетілдіріліп, жаңа бөлімшелер ашылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

ҚР ПІБ МО ауруханасы ғылым, білім мен клиниканы ұштастыра отырып Қазақстандағы заманауи медицина эталоны болып қала бермек.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: