Петропавлдан Ресейге қатынайтын электр пойыздары іске қосылмақшы

6 Маусым 2022, 20:04 1457

8 маусымнан бастап Петропавлдан Ресейге электр пойыздары қатынайды. Петропавл-Есілкөл, Петропавл-Макушино бағытындағы электр пойыздарының қозғалысы қалпына келеді. Билет құны өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды El.kz сайты ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2020 жылдың 17 мамыры күні пандемияға орай Ресеймен байланыстыратын Петропавл-Макушино, Петропавл-Есілкөл бағытындағы электр пойыздарының қозғалысы тоқтатылды.

Енді 8 маусымнан бастап олардың қозғалысы қайта қалпына келтірілмек. Тиісті шешім қабылданды.

«2021 жылдың желтоқсан айында біз келісімшарт жасастық. Конкурста жаңа тасымалдаушы жеңіске жетті. Ол Нұр-Сұлтан қаласынан «Лидер-электросервис» ЖШС-і. Компания «Ресей темір жолдары» АҚ барлық тиісті келісімшартқа отырды. Өйткені бар инфрақұрылым жалға алынады, «Қазақстан теміржолы» өзінің жылжымалы құрамын бұл жерде - Петропавлда қолдана алмайды. Тұрақты ток және ауыспалы ток деген түсінік бар. Тұрақты ток тек ресейлік жылжымалы құрамға ғана қолданылады», - дейді СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Әбілмәжінов.

Билет құны тұрғындардың қалтасын қақпауы үшін биыл бюджеттен электр пойыздарын субсидиялауға қаржы бөлінді. Ол шамамен 250 млн теңге.

Яғни билет құны өзгеріссіз қалмақ. Қажет болған жағдайда қосымша қаражат та бөлінеді.

«Тұрғындардан осы бағыттарға электр пойыздарын жіберуді сұраған өтініш өте көп түсті. Көпшілікке ол жақын маңдағы елді мекендерден облыс орталығына жұмысқа жетуге ыңғайлы. Сондай-ақ Ресейдегі туған-туыстарына да барып-келуге көліктің осы түрін таңдайды. Электр пойыздарының жүру кестесі және жолаушылар билетінің бағасы өзгермейді. Әлеуметтік маңызды тариф сақталады. Бұл бағыттарға күнделікті жүреді, мәселен Есілкөлге күніне екі рет электр пойызы барады. Ал Макушиноға тәулігіне бір рет электр пойызы жолға шығады, таңертең облыс орталығынан шығып, кешке қайтып келеді», - дейді Мирхат Әбілмәжінов.

Бөлісу: