Петропавлда биыл қаланы жаңа жылдық безендіруге бюджеттен қаржы бөлінбейді, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев брифингте мәлімдеді. Ол қала бюджеті дотациялық екенін, сондықтан басты назарды әлеуметтік мәселелерге аудару керектігін атады.
Сондай-ақ әкім биыл Пестрое көлінің жағасындағы саябаққа ерекше көңіл бөлуді жоспарлап отырғандарын да айтты. Мұнда сырғанақтар, мұз айдындары мен мұз қалашықтары бар орындар жабдықталып, аумақ мерекеге сай безендіріледі.
Жаңа жылдық безендірулер Жеңіс саябағында, Береке шағын ауданындағы жаңа саябақта және басқа да нысандарда болады.
Сонымен қатар орталық көшелерде жұмыс істейтін кәсіпкерлерді де безендіруге атсалысуға шақырамыз, - деді қала әкім.