Петропавлда монша қазандығы жарылып бір адам бақилық болды

12 Наурыз, 01:31 719

Петропавлдағы Жұмысшы кентінде орналасқан қоғамдық моншада болған жарылыстан жарақат алған ер адам ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі оқыс оқиғаның 3 наурыз күні болғанын атады. 112 телефон нөміріне сағат 11.20 минут кеткенде Петропавлдағы қоғамдық моншаның шатыры опырылып құлағандығы туралы хабар келіп түскен. Бір қабатты ғимараттың 30 шаршы метрі зақымданғаны белгілі болды. 

Қоғамдық монша шатырының құлауына қатты отынмен жанатын қазандықтың жарылуы себеп болған көрінеді. Салдарынан 1983 жылы туған пеш жағушы қатты күйік алған. Ол бірден ауруханаға жеткізілді. Апат болған кезде моншада басқа ешкім болмаған. 

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адамның денесінің 80 % күйіп қалды. Дәрігерлер оның өмірі үшін күрескенімен, 7 наурызда өмірден өтті.

Перизат Саденова
Бөлісу: