Петропавлда массаж салонының иесі бір бөлмені жезөкшелікпен айналысуға берген

20 Маусым 2023, 16:17 718

Петропавлда «Стоп трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Акция аясында жеңгетайлықтың екі дерегі және бір жыныстық қанау фактісі анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы массаж салондарының бірінің иесі жезөкшелікпен айналысуға бөлме берген. Осы дерек бойынша әкімшілік материал жиналды. Заң бұзушы енді 150 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін.

Бұл дерек «Стоп трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды. Акция үш күн бойы өтті.

СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері адам саудасымен байланысты қылмыстың алдын алу үшін халықты ақпараттандыру жұмысын күшейтті. Петропавлдағы Қазақстан Конституциясы көшесінде тәртіп сақшылары еріктілермен бірлесіп ақпараттық парақшалар таратты, Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалында колледж оқушыларына және жастармен жұмыс істейтін адамдарға дәрістер оқыды.

«Адам саудасы» көптеген қылмыспен байланысты. Адамдар өздерін және жақындарын қорғаудың қарапайым тәсілдерін білуі қажет. Біріншіден – мол және тез табыспен байланысты ұсыныстарға сенбеу, әсіресе шетелде, егер жұмысқа қабылдау ресми жағдайда жүргізілмесе және сізден құжаттарды беруді талап етсе, үзілді-кесілді бас тартқан дұрыс.

Жалпы «Стоп трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жедел жұмыстар да жүргізілді. Нәтижесінде жеңгетайлықтың екі дерегі бойынша және бір жыныстық қанау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - дейді СҚО ПД ұйымдасқын қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.

Равиль Ашығали
Бөлісу: