Петропавлда есірткі саудасымен айналысқан әйел 10,5 жылға сотталды

30 Мамыр 2023, 09:45 614

Петропавлда синтетикалық есірткіні таратумен айналысқан әйел сотталды, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткіні арнайы орынға жасырып, сатқаны үшін Петропавл қаласының 30 жастағы тұрғыны сотталды. Оған 10,5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Полицейлер есірткі жасырушы әйелді өткен жылдың күзінде ұстады. Қылмыскерде өзімен бірге арнайы орындарға жасыруға дайындап қойған синтетикалық есірткі салынған 20 орама болған. Оның пәтерінен жалпы салмағы 1 кг 113 грамм болатын аса ірі мөлшердегі α-PvP немесе тұз деп аталатын қауіпті есірткі тәркіленді. Мұны әйелдің Астанадан әкелгені анықталды. Қазір ол бас бостандығынан айыру орнында жазасын өтеуде.

Полиция қызметкерлері есірткі жеткізу арналары мен сату фактілерін анықтау және олардың жолын кесу бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің санкциясына сәйкес 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қатаң жаза көзделген. Жыл басынан облыста соттар есірткі саудалаушыларға қатысты 10 үкім шығарды, - деді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Равиль Ашығали
Бөлісу: