Астана қалалық сотында мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қандай жаза сұрағаны мәлім болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мемлекеттік айыптаушы Арман Қазекен соттан екі айыпталушыға да нақты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеуді сұрады.
Айыптау тарапының ұстанымына сәйкес:
Перизат Қайратты – 10 жылға бас бостандығынан айыру;
Ғайни Алашбаеваны – 8 жылға бас бостандығынан айыру ұсынылған.
Сондай-ақ, мемлекеттік айыптау тарапынан қылмыстық жолмен табылған және сатып алынған мүлікті тәркілеу, одан түскен қаражатты жәбірленушілерге өтеу ретінде аудару ұсынылды.
Тергеу материалдарына сәйкес, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің келесі баптары бойынша айыпталуда:
190-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы – аса ірі көлемде жасалған алаяқтық;
218-баптың 2-бөлігінің 1-тармағы – алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті заңдастыру;
218-баптың 3-бөлігінің 3-тармағы – аса ірі көлемде қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру.