06.04.2026
17:15
138
Жаңалықтар

«Періште», «Алдар. Махаббат туралы аңыз», «Өш-2»: сәуірде не көреміз?

Сәуір айы кино әлемінде жаңалыққа толы болмақ. Бұл айда түрлі жанрдағы отандық және шетелдік фильмдер көрерменге жол тартады. Назарларыңызға осы сәуір айында көруге болатын фильмдер тізімін ұсынамыз.

«Алаяқтар»

Жанры: драма, криминал
Премьера күні: 1 сәуір

Дамир өмір бойы алаяқтықпен айналысып, ақыры өз банкін ашып, ірі қаржылық схеманы жүзеге асырмақ болады. Бірақ қылмыстық әлемнің өкілі Ерланның қолына түскен соң, оның жоспары күйреп, өміріне қауіп төнеді. Өзін аман алып қалу үшін ол бұрынғы әрекеттерінің бар шындығын ашуға мәжбүр болады.

Оқи отырыңыз:

Фильмді режиссер Олжас Нұрбай түсірген, ал басты рөлдерді Рүстем Омаров, Ержан Түсіпов және Бопеш Жандаев сомдайды.

«Туысқан»

Жанры: драма, комедия
Премьера күні: 9 сәуір

Кәсіпкер Асқардың қазасынан кейін оның әулеті мұраны бөлісуге кіріседі. Осы кезде еркелікпен өскен Самат үшін бұл тек байлық емес, өз орнын дәлелдеудің сәтіне айналады. Ол туыстарының қысымына қарсы тұрып, әке аманатына лайық екенін көрсетуге тырысады.

Туындының режиссері Абдусаид Шайхисламұлы, ал экранда Аян Өтепберген, Айдос Бектемір, Шынар Асқарова және басқа да танымал актерлер ойнайды.

«Нелегал. Через Мексику»

Жанры: драма, триллер, криминал
Премьера күні: 9 сәуір

Чынгыздың заңсыз жолмен Мексикаға жету сапары оңай болмайды. Ол бірнеше елді кесіп өтіп, түрлі қауіпке тап болады. Иммиграциялық бақылаудан қашады, қылмыстық топтармен бетпе-бет келеді, қауіпті аймақтарды еңсереді. Бұл – отбасы үшін тәуекелге барған адамның тағдыры туралы оқиға.

Фильмді режиссер Руслан Акун түсірген, басты рөлдерде Эмиль Эсеналиев, Айсанат Эдигеева, Рауан Ахмедов және Жақан Отарғалиев бар.

«Өш-2: Қарындас»

Жанры: триллер, драма
Премьера күні: 9 сәуір

Шағын қалада көше беделдісі Мақсаттың қарындасын ұрлап кетеді. Бұл жағдай оның өмірін түбегейлі өзгертіп, ол әділетті өз жолымен орнатуға бел буады. Енді оның жалғыз мақсаты – қарындасын құтқару.

Режиссері Илгиз Куватбек, ал басты кейіпкерлерді Аян Батырбек, Ақжол Примбетов және Ақтан Қадырбеков сомдайды.

«Періште»

Жанры: драма
Премьера күні: 16 сәуір

Оқу үшін кішкентай ауылдан үлкен қалаға көшкен Айжан жаңа, еркін өмір мен шынайы махаббатты армандады. Ата-анасынан жасырын түрде тұрмысқа шығып, бақытын таптым деп сенеді. Алайда күйеуінің шынайы болмысы күтпеген жерден ашылып, оның өмірі күрт өзгереді. Оның күтпеген де, таңдамаған да балалары дүниеге келеді. Енді Айжан сол өмірді қабылдап, алға жылжу үшін өз ішінде күш табуы керек.  

Фильмді Анвар Матжанов түсірген, ал басты рөлдерде Құралай Анарбекова, Шехназ Қызыханова және Арман Уахитов ойнайды.

«Вот это драма»

Жанры: мелодрама, комедия
Премьера күні: 16 сәуір

Чарли мен Эмма үйленуге дайындалып жүргенде, күтпеген бір шындық олардың қарым-қатынасына сынақ әкеледі. Барлығы мінсіз көрінгенімен, бір ашық әңгіме бәрін өзгертіп жібереді. Бұл фильм махаббат пен сенімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Туындының режиссері Кристоффер Боргли, ал басты рөлдерді Роберт Паттинсон, Зендея Коулман-Холланд және Алана Хаим сомдайды.

«Алдар. Махаббат туралы аңыз»

Жанры: тарихи аңыз, шытырман оқиғалы драмеди
Премьера күні: 23 сәуір

Ертеден бері далада қиын сәтте пайда болып, із-түзсіз жоғалып кететін Алдар туралы аңыз айтылады. Тағдыр адамды ауыр таңдау алдында қалдырғанда, дәл сол сәтте оның көмегі тиеді дейді жұрт.

Қазақ пен ойрат арасында шиеленіс күшейген кезеңде ханның ұлы тұтқынға түседі. Оны құтқару үшін айлакер Алдар жіберіледі. Алайда жағдай күтпеген бағытқа бұрылып, тұтқындағы жігіт жау билеушісінің қызына ғашық болады. Соғыс алдында тұрған екі елдің тағдырын өзгерту дәл осы Алдардың тапқырлығына байланысты болады.

Фильмнің режиссері Дин Махаматдинов, ал басты рөлдерде Дәурен Серғазин, Асан Мәжит және Атай Өмірбеков бар.

«Мүшел жас»

Жанры: отбасылық, шытырман оқиға
Премьера күні: 23 сәуір

Бір отбасының мүшелері өмірлеріндегі күрделі кезең – мүшел жастан өтуде. Олар қарғыстан құтылу үшін сапарға шығып, әрқайсысы өз сынағымен бетпе-бет келеді. Бұл – отбасылық байланыс пен өмірлік сабақтар туралы оқиға.

Фильмді Әсет Жұмақан түсірген, басты рөлдерде Жанболат Найзабеков, Толқын Нұрбекова, Досжан Жанботаев және басқа актерлер бар.

«Майкл»

Жанры: биография, музыка, драма
Премьера күні: 23 сәуір

Бұл фильм поп-музыка королі Michael Jackson өмірінің түрлі кезеңдерін қамтиды. Оның бала кезінен бастап әлемдік сахнаға дейінгі жолы, шығармашылық ізденісі мен жеке өмірі көрерменге жаңа қырынан ұсынылады.

Режиссер Антуан Фукуа бұл туындыда басты рөлді Джаафар Джексонға сеніп тапсырған, сондай-ақ фильмде Колман Доминго, Ниа Лонг және Майлз Теллер ойнайды.

«Мен үшін өмір сүр»

Жанры: драма
Премьера күні: 30 сәуір

Балалар үйінде бірге өскен Бекен мен Тимур жылдар өткен соң қайта кездеседі. Бірге шыққан сапар олардың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, достықтың шынайы мәнін ұғындырады.

Басты рөлдерді Еркебұлан Тоқтар мен Жасұлан Әйтен сомдайды.

Айта кетейік, бұған дейін «Гауһартас» фильмінде Салтанат рөлін сомдап, қазақ киносына мәңгілік бейне қалдырған Жанна Қуанышеваға қатысты тосын деректерді ұсынған едік.