Педофилдерге химиялық кастрация жасауды міндетті түрде заң жобасына енгізу керек – Нартай Сәрсенғалиев

5 Ақпан, 16:27 1083

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасына педофилдерге химиялық кастрация жасауды міндетті түрде енгізу керек екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат бұл кезек күттірмейтін және заңнан шет қалмайтын ең басты мәселе екенін тілге тиек етті.

Одан соң 16 жасқа дейінгі балаға жыныстық сипатта тиіскені үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 40 күн қамаққа алу деген норма өте аз. Өйткені оның арты немен бітетінін білмейміз. Айталық, педофил өзінің арсыз әрекетін жасамаса да, мүмкін адам келіп қалған шығар немесе үлгермей қалған шығар. Соған бола оған 40 күндік қамақ немесе 200 сағат жұмыс дегенді әлі де қатаңдатуымыз керек деп санаймын, – деді мәжілісмен.

Сонымен қатар депутат әйелдер мен балаларды ұрып-соққандарға қатысты денсаулығына жеңіл зиян келтірсе, қоғамдық жұмысқа тарту деген дүниені азғындарға келген кезде қолданудың мүлдем қажеті жоқ екенін атап өтті.

Тағы бір маңызды дүние - өз-өзін өлтіруге дейін жеткізгені, қол жұмсауға дейін итермелегені немесе өз өзіне қол жұмсауға көмектескені үшін үш жылға дейін бас бостандығынан шектеу, бас бостандығынан айыру деген заңда норма бар. Осы жерде шектеу деген дүниені алып тастау керек сияқты. Өйткені сен адамның суицид жасауына дейін жеткізіп тұрсың ба (жәрдемдесіп), онда ол адам міндетті түрде бас бостандығынан айырылуы керек. Сонымен қатар суицидті насихаттаған үшін де 200 АЕК көлеміндегі айыппұл өте аз деп санаймын, – деді депутат Нартай Сәрсенғалиев.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасының таныстырылымы өтті.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: