Педагогикалық еңбек өтілі 124 жыл болған астаналық ұстаздар династиясы

5 Қазан, 23:55 325

Астанада тұратын Сәрсембековтер әулетінің педагогикалық еңбек өтілі – 124 жыл болған. Бір отбасының бірнеше буыны мұғалімдік мамандықты таңдаған, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Сәрсембековтер әулетінде 6 бірдей мұғалім бар. Әулеттің ақсақалы, жетпістің желкесінен асқан Мұратқали Сәрсембеков 35 жылдық еңбегін ұстаздыққа арнаған.

Мен Абай облысы Жарма ауданының Суықбұлақ орта мектебін бітірдім. Әскерге барып келген соң ұстаздық жолды таңдадым. Семей облысының Педагогикалық институын тәмамдап, химия және биология пәні мұғалімі ретінде Суықбұлақ орта мектебінде қызмет еттім. Ұстаз шәкіртімен мәңгі мәуелі. Оқушының жетістігін көру – мұғалім үшін бақыт. Түлеп ұшқан оқушыларым бүгінде белді мамандар, еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі салада абыройлы еңбек етуде. Отбасымдағы балаларым да бұл саланы таңдағанына қуанамын. Себебі ұстаздық жолда атқарған адал еңбек ешқашан бағасыз қалмайды, - дейді ардагер ұстаз.

Мұратқали Сәрсембековтің әйелі Зияш Сәрсембекова да ұзақ жылдар бойы мұғалім болып қызмет еткен. 36 жыл физика және математика пәні мұғалімі ұстаздықты арман-тілектен бұрын, қанмен, текпен дарыған мамандық, атакәсіп деп есептейді.

Ардагер ұстаздардың тұңғыш ұлдары Ерлан Сәрсембеков – Астана қаласының Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі.

Абыройлы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Жарымды да осы саладан таптым. 16 жылдан асқан еңбек жолымда саланың қызығы мен қиындығы қатар жүретінін жете ұғындым. Педагог ретінде айқындап алған мақсатым – әр оқушының бойынан ерекше қабілеттерді тауып, оларды жаңа белестерге жеткізу, - деді мұғалім.

Бұл әулеттің бір ерекшелігі – отбасына түскен үш келіннің үшеуі де мұғалімдер. Олардың қатарындағы Лаура  Сәрсембекова – елордалық Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының директоры. 20 жыл ішінде ол Астананың бірқатар мектептерінде әр жылдары директордың оқу, бейімдік жұмысы орынбасары қызметін атқарды.

Әу баста мұғалім боламын деп ойламадым. Оған себепші болған әжем мен әкем еді. Сол кісілердің ықпалымен жоғары оқу орнына түсіп, бұл саланы жаныма жақын тарттым. Қызметімді Семей өңірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы ретінде бастадым. Кейін салада өсуіме қанат бітірген, әркез қамшылап отырған менің ата-енем еді. Келін болып түскенде, олар түсіністікпен қарап, дастархан басында отырғанның өзінде «барып сабағыңа дайындала бер» деп үнемі қолғабыс білдіріп отырады. Арада жылдар өтіп, отбасымызбен Астанаға көшіп келдік. Бірнеше білім беру мекемелерінде тәжірибемді жинақтап, соңғы екі жылда мектеп директоры ретінде жұмыс істеудемін. Қазіргі таңда Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясында 108 мұғалім оқытса, 1370 оқушы білім алады, – деді Лаура Сәрсембекова.

Мектеп директорының айтуынша, ұстаздың басты миссиясы – балаға өмір сүру дағдыларын үйретіп, қоғамға оңай бейімдеп, өз орнын таба білуге көмектесу.

Балаларыма тәрбие бергенде үнемі адамдармен жақсы қарым-қатынас орнату, көркем мінезді болудың мән-мағынасын ұғындыруға тырысамын. Себебі мұғалім үшін тиімді әрі дұрыс коммуникацияның орны айрықша. Мұғалім білгенімен ғана шектелмей, білімін одан әрі жетілдіруі қажет. Қазірде оқушыларға ұлттық құндылықтарға негізделген білім беруді, өз ойын анық әрі нақты жеткізетін тұлға ретінде қалыптастыруға басымдық беріледі. Оқу процесіндегі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы оқушылардың жалпы адами қасиеттерін арттыруға септесіп, бүгінде нәтижесін көрсетіп келеді, - деді ол.

Ерлан мен Лаура Сәрсембековтер – көпбалалы ата-ана. Үйдің тұңғышы Мәдина Мұратқали – Астана Халықаралық университетінде биология пәні мұғалімі мамандығының 2 курс студенті.

Мамандықты таңдауыма отбасым себепші болды. Балаға білім бере отырып, мейіріммен сусындатқаны әсер етіп, өзім де осы саланы жаныма жақын көрдім. Мен ата-анамнан баламен дұрыс жұмыс істеудің, олардың тілін табудың әрі сапалы білім берудің әркез жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеріп отырамын. Мұғалім – баланың мектептегі білім беретін ғана емес, тәрбиеге үйрететін екінші анасы. Отбасымызда ата-анамыз бізді ынталандыру мақсатында жақсы жетістігіміз не үлгеріміміз үшін шабыттандырып отырады. Қазіргі буын сапалы әрі жаңашыл оқыту жүйесін күтеді. Сабақ барысында мейлінше көрнекіліктің жарқын түрлерін көрсету, қиын болып көрінген тақырыптың өзін ойын түрінде үйрету оқушылар үшін маңызды, - деп ой бөлісті болашақ мұғалім.

Перизат Саденова
Бөлісу: