Павлодарлық жас домбырашылар Қазақстанның рекордтар кітабына енді

31 Тамыз, 04:17 539

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында павлодарлық оқушылар ұлттық «Ортеке» биінен Қазақстанның рекордын орнатты. Бір мезетте 100 домбырашы ортекелерді билетіп, Ертіс жағасын күмбірлеген күйге бөледі. Бұл туралы KAZINFORM-ға сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Ортеке» арнайы жасалған тұғырға орнатылып, домбырашының саусағына жіппен байланады. Күйші аспапта ойнай бастағанда, домбыра шерткен саусақтардың қозғалысымен қуыршақ та тықылдап билей жөнеледі.

Былтыр қазақтың «Ортеке» биі ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтар тізіміне қосылған болатын. Бұл да ұлттық мәдениетіміздің мәйектерін әлем мойындай бастағанының көрінісі. «Ортеке» биінен Қазақстан рекордын орнату идеясын Павлодар қаласының әкімдігі ұсынған.

Жас домбырашылардың өнерін жергілікті көрермен Ертіс өзені жағалауында орналасқан «Ertis Promenade» сахнасында тамашалады. Қазақстан рекордын орнатуға Павлодар қаласындағы Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебі, музыкалық колледж - дарынды балаларға арналған музыкалық-мектеп интернат кешені, «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының өнерпаздары қатысты.

Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов павлодарлықтарды жаңа рекордпен құттықтап, аталған мектептердің өкілдеріне сертификаттар табыс етті.

Зарина Арман
Бөлісу: