Павлодарлық шеберлердің құрақ-көрпелері Көшпенділер ойындарында көрсетіледі

2 Қыркүйек, 03:20 541

Жағалауда қолөнершілер «Аламан құрақ» акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Шеберлер Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өздері дайындаған құрақ-көрпелерді PVL 14 жазуы ретінде төсеп, шеңбермен айналып өтті. «Аламан құрақ» – мәдениет пен салт-дәстүр дәріптелетін Қазақстандағы ең ауқымды құрақшылар жобасы. Жоба авторы – Қазақстан құрақшылар Одағы «Аламан құрақ» негізін қалаушы Нұргүл Абайхан. Дизайнері – Әсел Батырбекова.

Ұйымдастырушы Марина Мұхтарованың айтуынша, аталған шараның мақсаты – қазақ халқының қонақжайлылығы мен кеңпейілділігін паш ету және бір қолдан шыққандай бірдей көрпе тігу арқылы қазақтың ауызбіршілігін көрсету, қазақтың құрағын әлемге таныту.

Облыстың отыз үздік қолөнершісі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына  қатысады. Айтулы шараға еліміздің әртүрлі аймақтарынан 460 қолөнерші құрақ-көрпелер жеткізеді. Фубол алаңында кілем ретінде жайылып, Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабында енгізіледі және халықаралық Гиннес рекордтар кітабына ұсынылады. Былтыр 200 құрақшы 500 метрлік көрпе жайып, КИНЭС рекордтар кітабына енген. Биыл да өз рекордымызды жаңартуды жоспарлап отырмыз, – дейді Марина Мұхтарова.

Оның айтуынша, көрпені тігуде қолданылған ою-өрнек пен түстің өзіндік мәні бар. Мәселен, ортасындағы төртқұлақ оюы «қазақтың төрт түлік малы аман болсын», оюды көмкерген гауһартас құрағы «асыл тастай болайық», жасыл өсімдік ою «төртеу түгел болсын, өсіп-өнейік», ал оларды қоршаған аламан құрағы «ақ мол болсын, көк аспанымыз ашық болсын» деген мағынаны білдерді. Ал қызыл оюлар қазақтың кеңпейілділігі мен қонақжайлығын көрсетеді. 

Аталған жоба кемінде 1000 адамнан өз кәсібін бастайтын білікті маман шығаруға бағытталған. 

Перизат Саденова
Бөлісу: