Өткен демалыс күндері Павлодар облыстық неміс және әзірбайжан этномәдени бірлестіктері қаланың орталық саябағында жыл сайын жазда өткізілетін «Бір отбасында тұрамыз» атты фестиваліне қатысты.
Орталық саябақтағы үлкен сахнада сенбі күні павлодарлықтар үшін өнерлерін «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігі көрсетсе, жексенбі күні «Ватан» облыстық әзірбайжан этномәдени орталығы қала тұрғындарына тамаша көңіл-күй сыйлады. Бұл күні сахна төрінде неміс, әзірбайжан және қазақ тілдерінде әндер шырқалды, ортақытардың хорегорафиялық және вокалдық ұжымдары өз өнерлерін ортаға салды.
Мереке ұйымдастырушылары көрермендерді салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен таныстырып қана қоймай, ұлттық тағамдардан да дәм татырып, қолөнер шеберлерінің көрмесін ұйымдастырды. Ал балалар сайстар мен қызықты ойындарға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Павлодар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сейсембай Жетпісбаев «Бір отбасында тұрамыз» жазғы фестивалі Павлодарда жылсайын өткізілетінін айтты.
«Павлодар облысының этномәдени бірлестіктері жыл бойы жинаған тәжірибесін жазда, фестиваль барысында халықтың назарына ұсынуы игі дәстүрге айналды. Орталық қатысушылары тек би билеп және ән айтып қана қоймай, халықты салтымен, дәстүрімен, қолөнерімен, ұлттық тағамдарымен таныстырады. Биыл фестиваль жабылуының салтанатты концерті Ertis Promenade сахнасында өтеді. Іс-шара бағдарламасына этномәдени бірлестіктердің үздік шығармашылық ұжымдарының қатысуы жоспарланған», — деді С. Жетпісбаев.
Сонымен қатар, хатшылық меңгерушісі тамыздың 22-24 аралығында Баянауылда өтетін «Бiрлiк.Единство.kz» халықаралық жастар этнофорумы жайлы айтып өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлері мен шекаралас Томск, Новосібір, Тюмень облыстары мен Алтай өлкесінен барлығы 120-ға жуық қатысушы келеді. Сондай-ақ, жиынға «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшелері, Парламент мәжілісінің депутаттары мен ҚХА мүшелері қатысады.