Павлодарлық кәсіпкер халыққа үлестіру үшін мешітке 1 млн теңге берген

23 Тамыз 2022, 08:59 1528

Бас имамның айтуынша, қаржының қалған бөлігін көмекке мұқтаж отбасылардың қысқы отынға дайындығына таратып бермек.

Белгісіз кәсіпкер қайырымдылыққа жұмсау үшін қаржысын Павлодар облысы Шарбақты аудандық «Қызыр» орталық мешітіне берген, деп хабарлайды EL.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Шарбақты ауданының бас имамы Ақжол Исабек мешітте атқарылып жатқан қайырымдылық шаралары туралы айтты.
Қазіргі уақытта «Мектепке жол» акциясы бойынша халыққа көмек көрсетудеміз. Аудандық білім беру бөлімінен көмек қажет ететін отбасылардың тізімін алдық. 23 оқушыға сөмке, дәптерлер, қалам, сызғыш, бояу және басқа да оқуға қажетті құралдар алып бердік. Бұған 260 мың теңге жұмсалды, - деді Ақжол Исабек.
Сонымен қатар, бас имам белгісіз кәсіпкердің 1 млн теңге қаржыны қайырымдылыққа бергенін айтты.
Ол адам аты-жөнін атамауды сұрады. Бұл қаржыны кез келген бағытта қайырымдылыққа жұмсауды сұрады. Қазір оқу жылына дайындық жүріп жатқандықтан бір бөлігін соған жұмсауды ұйғардық. Оқу құралдарын үлестіріп болдық. Енді киімге, мектеп формасына көмек қажет отбасылар бар. Әсіресе бірнеше баласы мектепке баратындар бар. Сол отбасыларға ақшалай көмек көрсетсек дейміз, - деді Ақжол Исабек.
Бас имамның айтуынша, қаржының қалған бөлігін көмекке мұқтаж отбасылардың қысқы отынға дайындығына таратып бермек.

Сондай-ақ бас имам оқу құралдарын таратқан кезде бұған дейін сатып алып қойғандарын айтып, көмектен бас тартқандар да бар екенін айтты.

«Қызыр» орталық мешітінде мұндай қайырымдылық шарасы жылда жүзеге асырылып келеді. Мешіт жанындағы сауат ашу курсына қатысқан оқушылар да бұл қайырымды шарадан тыс қалмады.

Бұдан бөлек, жыл бойы мешітте көптеген қайырымдылық шарасы өтіп тұрады. Мысалы, «Жылу сыйла», «Жақыныңа жанашыр бол», «Берекелі Рамазан», «Құрбан айт құтты болсын», «Мектепке жол», «Өмір сыйла», «Қолдан қолға», «Жұмадан жұмаға», «Жомарт жүрек» және т.б.

EL.KZ
Бөлісу: