Павлодардағы әуежай келер жылы қолданысқа беріледі

Павлодардағы әуежай келер жылы қолданысқа беріледі

Павлодар қаласындағы әуежай сәуір айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстарына жабылған болатын. Қазір барлық рейстер уақытша тоқтап тұр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Керекудегі әуежай ұзақ уақыт бойы өңір тұрғындары мен қала арасындағы маңызды көлік торабы болып келген еді. Бұған дейін әуежай Астана мен Алматы қалаларымен тікелей байланыс орнатқан, алайда қазіргі таңда жергілікті халық пойыз немесе жеке көлікпен қатынауға мәжбүр.

Алматыға дейінгі ұшу маршруты бұрын 1 сағат 40 минутты құраған болса, қазіргі таңда пойызбен осы аралықты тәуліктеп еңсеруге тура келеді. Әуежайдың қайта жаңартылуы бойынша жұмыстар алғашында 2023 жылдың желтоқсанына дейін аяқталады деп жоспарланған еді, алайда қаржының тапшылығы салдарынан жұмыстар толық көлемде жүргізілмей, әуежайдың ресми ашылуы 2026 жылдың шілде айына дейін шегерілді.

Жобаның аяқталуына қажетті 9,3 млрд теңге қаражаттың жетіспеушілігі арнайы мемлекеттік қордан бөлінген қаржы есебінен толықтырылды.

Павлодар әуежайының қайта жаңартылуы өңір тұрғындарының қауіпсіз әрі ыңғайлы тасымалын қамтамасыз ететін маңызды қадам болып табылады. 2026 жылдың шілде айында жұмыстың толық аяқталуы әуежайды халықаралық талаптарға сай етіп, аймақтың әуе қатынасын дамытуға мүмкіндік береді.